1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар 1-тарау. Жалпы ережелер Акционерлік қоғамдар туралы Заңы
1) айқын басым көпшілік – кемінде төрттен үш бөлігі мөлшеріндегі көпшілік;
2) айырбасталатын бағалы қағаз - акционерлік қоғамның шығарылым проспектісімен айқындалатын талаптар мен тәртіп арқылы оның бағалы қағазының басқа түріне ауыстыруға жататын бағалы қағазы;
3) акционер - акцияның меншік иесі болып табылатын тұлға;
4) акция - акционерлік қоғам шығаратын және акционерлік қоғамды басқаруға қатысу, ол бойынша дивиденд және қоғам таратылған жағдайда оның мүлкінің бір бөлігін алу құқығын, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген өзге де құқықтарды куәландыратын бағалы қағаз;
4-1) акцияларды бөлшектеу – акционерлік қоғамның орналастырылған акцияларының санын ұлғайту;
5) акциялардың бақылау пакеті - акционерлік қоғам қабылдайтын шешімдерді айқындауға құқық беретін акциялар пакеті;
6) акцияның номиналдық құны - барлық жай және артықшылықты акцияларға арналған және акционерлік қоғамның құрылтай шартында (жалғыз құрылтайшының шешімінде) айқындалатын бірыңғай баға, осы баға бойынша акциялар құрылтайшылар арасында орналастырылады (жалғыз құрылтайшы төлейді);
7) үлестес тұлғалар - тікелей және (немесе) жанама түрде шешімдерді айқындауға және (немесе) әрқайсысы (тұлғалардың бірі) қабылдайтын шешімге, оның ішінде жасалған мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіндігі бар (өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда) жеке немесе заңды тұлғалар. Қоғамның үлестес тұлғаларының тізбесі осы Заңның 64-бабында белгіленеді;
8) дауыс беретін акциялар - орналастырылған жай акциялар, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда дауыс беру құқығы берілген артықшылықты акциялар. Дауыс беретін акциялар санына қоғам сатып алған акциялар, сондай-ақ, егер осы Заңда өзгеше көзделмесе, номиналды ұстаудағы және орталық депозитарийдің есепке алу жүйесінде ол туралы мәліметтер жоқ меншік иесіне тиесілі акциялар кірмейді;
9) дивиденд - акционердің өзіне тиесілі акциялар бойынша акционерлік қоғам төлейтін кірісі;
10) жарияланған акциялар - шығарылымын Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасына сәйкес уәкілетті орган тіркеген акциялар;
11) корпоративтік интернет-ресурс – қоғамға тиесілі интернет-ресурс;
12) корпоративтік хатшы - қоғамның директорлар кеңесінің және (немесе) атқарушы органының мүшесі болып табылмайтын акционерлік қоғамның қызметкері, оны қоғамның директорлар кеңесі тағайындайды және ол қоғамның директорлар кеңесіне есеп береді, сондай-ақ өз қызметі шеңберінде акционерлер жиналысының және қоғамның директорлар кеңесінің отырыстарын дайындауға және өткізуге бақылау жасайды, акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдарды және қоғамның директорлар кеңесінің отырысына материалдар әзірлеуді қамтамасыз етеді, оларға қол жеткізудің қамтамасыз етілуін бақылайды. Корпоративтік хатшының құзыреті және қызметі қоғамның ішкі құжаттарында айқындалады;
12-1) алып тасталды – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
13) кумулятивтік дауыс беру - дауыс беруге қатысушы әрбір акцияға қоғам органы сайланатын мүшелерінің санына тең дауыс саны келетін дауыс беру тәсілі;
14) қоғамды корпоративтік басқару кодексі - қоғам акционерлерінің жалпы жиналысында бекітілетін, қоғамды басқару процесінде туындайтын қатынастарды, оның ішінде қоғамның акционерлері мен органдары арасындағы, қоғам органдары, қоғам және мүдделі тұлғалар арасындағы қатынастарды реттейтін құжат;
14-1) қор биржасының өкілдік тізімі – бағалы қағаздар және қор биржасының ішкі құжаттарының талаптарына сай келетін олардың эмитенттерінің тізімі;
15) алып тасталды - ҚР 2011.12.28 № 524 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
16) лауазымды адам - акционерлік қоғамның директорлар кеңесінің, оның атқарушы органының мүшесі немесе акционерлік қоғамның атқарушы органының функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын тұлға;
17) миноритарлық акционер - акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он процентінен азы тиесілі акционер;
18) орналастыру бағасы - акцияларды бастапқы бағалы қағаздар нарығында орналастыру кезінде айқындалатын акция бағасы;
19) орналастырылған акциялар - акционерлік қоғамның бағалы қағаздардың бастапқы нарығында құрылтайшылар мен инвесторлар құнын төлеген акциялары;
20) тәуелсіз директор – осы акционерлік қоғамның үлестес тұлғасы болып табылмайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай болмаған (оның осы акционерлік қоғамның тәуелсіз директоры лауазымында болған жағдайды қоспағанда), осы акционерлік қоғамның үлестес тұлғаларына қатысты үлестес тұлға болып табылмайтын; осы акционерлік қоғамның немесе осы акционерлік қоғам ұйымдарының – үлестес тұлғаларының лауазымды адамдарымен бағыныстылығы жоқ және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде осы тұлғалармен бағынысты болмаған; мемлекеттік қызметші болып табылмайтын; осы акционерлік қоғам органдарының отырыстарында акционер өкілі болып табылмайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде ондай болмаған; осы акционерлік қоғамның аудитіне аудиторлық ұйым құрамында жұмыс істейтін аудитор ретінде қатыспайтын және өзі директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде мұндай аудитке қатыспаған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де талаптарға сай келетін директорлар кеңесінің мүшесі;
21) төлем агенті - банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
22) уәкілетті орган – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеуді, бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
23) ірі акционер - бір-бірімен жасалған келісім негізінде әрекет ететін, өзіне (жинақтап алғанда өздеріне) акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының он және одан да көп проценті тиесілі акционер немесе бірнеше акционер.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2008.10.23 № 72-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 02.04.2019 № 241-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы N 415 Заңы.
Осы Заң акционерлік қоғамның құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін; акционерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды; акционерлік қоғам органдарының құзыретін, құрылу және жұмыс істеу тәртібін; оның лауазымды адамдарының өкілеттігін, сайлану тәртібін және жауапкершілігін белгілейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы