1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгi ұғымдар 1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дәйектеу – халықаралық шарт мәтінінің теңтүпнұсқалығын анықтау тәсілдерінің бірі ретінде қолданылатын, халықаралық шарт жобасының келісілген мәтінінде келіссөздерге қатысушы әрбір тараптың өкілетті өкілдерінің аты-жөндерін әр параққа қою;
2) депозитарий – халықаралық шарттың түпнұсқасы сақталуға тапсырылатын және осы халықаралық шартқа қатысты халықаралық құқық нормаларында көзделген функцияларды орындайтын мемлекет, халықаралық ұйым немесе оның басты атқарушы лауазымды адамы;
3) ескертпе – көпжақты халықаралық шартқа қол қою, оны ратификациялау, бекіту, қабылдау немесе оған қосылу кезінде мемлекет немесе халықаралық ұйым кез келген тұжырыммен және кез келген атаумен біржақты жасаған мәлімдеме, бұл мәлімдеме арқылы осы мемлекет немесе осы халықаралық ұйым халықаралық шарттың белгілі бір ережелерінің заңдық күшін олардың аталған мемлекетке немесе аталған халықаралық ұйымға қолданылуына қатысты жоюды немесе өзгертуді қалайды;
4) келіссөздерге қатысушы тарап – халықаралық шарт мәтінін жасауға немесе қабылдауға қатысқан мемлекет немесе халықаралық ұйым;
5) күшін жою – Қазақстан Республикасының өзі жасасқан халықаралық шарттан тиісінше ресімдеп бас тартуы және Қазақстан Республикасы халықаралық шартының қолданылуын тоқтату тәсілдерінің бірі;
5-1) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу жоспары – Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттардың, сондай-ақ халықаралық шарттар жобаларының тізбесі;
6) Қазақстан Республикасының халықаралық шарты – Қазақстан Республикасы шет мемлекетпен (шет мемлекеттермен) немесе халықаралық ұйыммен (халықаралық ұйымдармен) жазбаша нысанда жасасқан және мұндай келісімнің бір құжатта немесе өзара байланысты бірнеше құжаттарда екендігіне қарамастан, сондай-ақ оның нақты атауына қарамастан халықаралық құқықпен реттелетін халықаралық келісім;
7) Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының мемлекеттік тізілімі – халықаралық шарттардың түпнұсқалары мен депозитарий ресми куәландырған көшірмелерін, олардың деректемелерін және Сыртқы істер министрлігі айқындайтын олар туралы ақпараттық-анықтамалық сипаттағы басқа да мәліметтерді қамтитын Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тіркеудің, есепке алудың және сақтаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі;
8) қол қою – мәтіннің теңтүпнұсқалығын анықтау тәсілдерінің бірі ретінде халықаралық шартты жасасу сатысы немесе егер халықаралық шартта қол қоюдың осындай күші бар екендігі көзделген немесе Қазақстан Республикасы мен келіссөздерге қатысушы басқа да тараптардың қол қоюдың осындай күшке ие болуға тиіс екендігі туралы уағдаластығы өзге де жолмен белгіленген немесе Қазақстан Республикасының қол қоюға осындай күш беру ниеті оның өкілінің өкілеттігінен туындаған және (немесе) келіссөздер кезінде білдірілген жағдайда, халықаралық шарттың өзі үшін міндеттілігіне Қазақстан Республикасының келісім білдіру тәсілі;
9) мемлекетішілік рәсімдер – халықаралық шартты Қазақстан Республикасы Парламентінің ратификациялауы, Қазақстан Республикасы Президентінің не Қазақстан Республикасы Үкіметінің бекітуі немесе қабылдауы;
10) өкілеттік –
халықаралық шарттың мәтінін қабылдау немесе оның тең түпнұсқалығын белгілеу;
халықаралық шартқа қол қою;
Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндеттілігіне келісімін білдіру;
шартқа қатысты өзге де акт жасау мақсатында Қазақстан Республикасының лауазымды адамдарының немесе құзыретті органының шешімдері негізінде жүзеге асырылатын және келіссөздерге қатысушы тарапқа не депозитарийге тапсырылатын немесе дипломатиялық арналар арқылы жіберілетін өкілеттілік сертификатымен тиісінше ресімделген бір адамның немесе бірнеше адамның Қазақстан Республикасы атынан өкілдік ету құқығы;
11) ратификациялау, бекіту, қабылдау және қосылу – жағдайға байланысты осындай атауы бар, тиісті нормативтік құқықтық акт негізінде жасалатын халықаралық акт, ол арқылы Қазақстан Республикасы халықаралық шарттың өзі үшін міндеттілігіне халықаралық тұрғыдан өзінің келісімін білдіреді;
12) уағдаласушы тарап – халықаралық шарттың күшіне енгеніне немесе енбегеніне қарамастан халықаралық шарттың өздері үшін міндетті екендігіне келіскен мемлекет немесе халықаралық ұйым;
13) халықаралық ұйым – мемлекетаралық немесе үкіметаралық ұйым;
14) халықаралық шарт жасасу – реттілік тәртіппен жүзеге асырылатын, халықаралық шарттың мәтінін қабылдау, халықаралық шарт мәтінінің теңтүпнұсқалығын анықтау және Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіруі, не Қазақстан Республикасы халықаралық шартқа қосылатын жағдайда – Қазақстан Республикасының өзі үшін халықаралық шарттың міндетті екендігіне келісім білдіруі;
15) халықаралық шарттың тең түпнұсқа мәтіні – келіссөздерге қатысушы тараптар немесе уағдаласушы тараптар түпнұсқа (түпкілікті нұсқа) ретінде қарайтын халықаралық шарт мәтіні немесе егер ол шартта көзделсе немесе бұл жөнінде оған қатысушылар келіссе, әртүрлі тілдерде жасалған мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда басымдыққа ие мәтін.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.07.15 № 335-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 30.01.2014 № 168-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 14.02.2022 № 107-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 30 мамырдағы N 54 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасу, орындау, өзгерту және олардың қолданылуын тоқтату тәртiбiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары Қазақстан Республикасының Конституциясына, халықаралық құқықтың жалпы жұрт таныған принциптерi мен нормаларына, халықаралық шарттың өзінiң ережелерiне, Халықаралық шарттар құқығы туралы Вена конвенциясына, осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес жасалады, орындалады, өзгертiледi және тоқтатылады.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы