1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар 1-тарау. Жалпы ережелер Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) агент-банк – Cақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорымен агенттік келісім негізінде кредиторларға кепілдік төлемдерін жүзеге асыру бойынша қызмет көрсететін банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым;
2) жәбірленуші – көлік құралын өзге адамның пайдалануы нәтижесінде өміріне, денсаулығына зиян келтірілген адам;
3) зиянды өтеу резерві – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының комиссиялық сыйақысын және тиісті салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомаларын қоса алғанда, қатысушы-сақтандыру ұйымдарының бастапқы біржолғы жарналары, қосымша жарналары және олардың бастапқы біржолғы жарналары, қосымша жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны не уақтылы орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы есебінен, сондай-ақ резерв қаражатын инвестициялаудан алынған инвестициялық кіріс есебінен қалыптастырылатын және резерв қаражатын инвестициялаудан алынған теріс инвестициялық кіріске азайтылған және резервті инвестициялауға байланысты шығыстарға азайтылған резерв. Зиянды өтеу резерві осы Заңда көзделген жағдайларда тек қана жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) оны жерлеу шығыстарын өтеу үшін пайдаланылады;
3-1) инвестициялық комитет – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының меншікті активтеріне, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің және зиянды өтеу резервінің қаражатына қатысты инвестициялық шешімдер қабылдауды жүзеге асыратын Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының алқалы органы;
4) консультативтік комитет – сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысушы болып табылатын сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының мүдделерін білдіретін алқалы консультативтік-кеңесші орган;
5) кредитор – осы Заңға сәйкес кепілдікті төлем алуға құқығы бар сақтанушы (сақтандырылушы, пайда алушы) не жәбірленушіге (сақтандыру төлемін алуға құқығы бар тұлғаға)келтірілген зиянды сақтандыру шартында және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген сақтандырушы жауапкершілігінің көлемі шегінде өтеген және тиісінше, өзіне сақтандыру төлемін алу құқығы өткен өзге тұлға;
6) қосымша жарна – осы Заңға сәйкес зиянды өтеу резервін қалыптастыру үшін сақтандыру ұйымы, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына төлейтін ақша сомасы;
6-1) қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы – уәкілетті орган өзіне қатысты сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы;
7) мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымы – өзіне қатысты соттың мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген қатысушы-сақтандыру ұйымы;
8) алып тасталды – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
9) міндетті жарналар – қатысушы-сақтандыру ұйымы осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде айқындалған тәртіппен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша төлейтін ақша сомасы;
10) өтініш беруші – сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша лицензия алуға және (немесе) қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес сақтандыру ұйымы ретінде тіркелген заңды тұлға не сақтандыру ұйымы, есептік тіркеуден өткен Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы;
11) сақтандырудың аннуитетті сыныптары бойынша кепілдік төлем – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры осы Заңда көзделген тәртіппен және талаптармен аннуитеттік сақтандыруға кепілдік беру шеңберінде сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға) және (немесе) сақтандырылушының пайдасына төлейтін ақша сомасы;
12) сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері – Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңнамалық актісінде Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына міндетті қатысу көзделген міндетті сақтандыру түрлері;
13) сақтандырудың міндетті түрлері бойынша кепілдік төлем – "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда, мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының, қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыру шарты бойынша басталған сақтандыру жағдайларына орай Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға) осы Заңда көзделген тәртіппен және талаптармен төлейтін ақша сомасы;
14) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесі – сақтандыру жағдайы басталған кезде мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру ұйымының, қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыруының міндетті сыныптары бойынша кепілдік төлемді, сондай-ақ таратылатын сақтандыру ұйымының, қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының сақтандыруының аннуитетті сыныптары бойынша кепілдік төлемді алуға байланысты сақтанушылардың (сақтандырылушылардың, пайда алушылардың) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған, осы Заңда көзделген ұйымдық-құқықтық шаралар кешені;
15) сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру жүйесiне қатысушылар болып табылатын сақтандыру ұйымы, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы (қатысушы-сақтандыру ұйымы) – Сақтандыру төлемдерiне кепiлдiк беру қорымен қатысу шартын жасасқан сақтандыру ұйымы, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалы;
16) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдері – осы Заңда көзделген жағдайларда, өміріне, денсаулығына зиян келтірілген жәбірленушіге және осы Заңның 17-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген адамдарға төленетін ақша сомасы;
16-1) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының меншікті активтері – сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервін және зиянды өтеу резервін қоспағанда, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының активтері;
16-2) Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының меншікті капиталы – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры активтерінің мөлшері мен оның міндеттемелерінің, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің, зиянды өтеу резервінің мөлшері арасындағы айырмаға тең шама;
17) сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві – Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының комиссиялық сыйақысын және тиісті салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің сомаларын қоса алғанда, қатысушы-сақтандыру ұйымдарының міндетті жарналары, олардың міндетті жарналарды төлеу жөніндегі міндеттемелерді орындамағаны не уақтылы орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры мәжбүрлеп таратылатын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымынан, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын филиалынан Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының талаптарын қанағаттандыру тәртібімен алған ақша есебінен, сондай-ақ резерв қаражатын инвестициялаудан алынған инвестициялық кіріс есебінен қалыптастырылатын және резерв қаражатын инвестициялаудан алынған теріс инвестициялық кіріске азайтылған және резервті инвестициялауға байланысты шығыстарға азайтылған резерв. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві осы Заңның 12-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайларда ғана пайдаланылады;
18) сақтандыру шарты – сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері бойынша сақтанушы сақтандыру ұйымымен, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалымен жасасқан шарт;
19) таратылатын сақтандыру ұйымы – уәкілетті орган өзіне қатысты лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған қатысушы – сақтандыру ұйымы;
20) төтенше жарналар – осы Заңда көзделген жағдайларда қатысушы-сақтандыру ұйымы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қосымша төлейтін ақша сомасы;
21) үлгілік қатысу шарты (бұдан әрі – қатысу шарты) – осы Заңда белгіленген тәртіппен және талаптармен Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры мен қатысушы-сақтандыру ұйымының арасында жасалған сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесіне қатысу шарты;
22) шартты міндеттемелер – қатысушы-сақтандыру ұйымының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры төтенше жарналарды төлеу үшін қалыптастыратын, қор алдындағы міндеттемелері.
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы N 423 Заңы.
Осы Заң Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының құқықтық жағдайын, оның құрылуы мен қызметінің тәртібін, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысу шарттарын және оның қызметіне бақылауды қамтамасыз ету қағидаттарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы