1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) айналым – экспорт, импорт, сатып алу, сақтау, көтерме саудада және бөлшек саудада өткізу;
2) алкоголь өнімі – Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентінің (бұдан әрі – техникалық регламент) талаптары қолданылмайтын өнімді қоспағанда, тағамдық шикізаттан өндірілген этил спиртін және (немесе) этил спиртінің көлемдік үлесі 0,5 пайыздан асатын, құрамында спирт бар тағамдық өнімді пайдаланбай немесе пайдалана отырып дайындалған тағамдық өнім;
3) алкоголь өнімін бөлшек саудада өткізу – алкоголь өнімін кейіннен тұтыну немесе коммерциялық емес пайдалану үшін фискальдық жады бар бақылау-касса машинасымен жарақтандырылған, сауда залымен жабдықталған стационарлық үй-жайларда және мейрамханалар, барлар мен дәмханалар аумақтарында, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінде, жолаушылар тасымалдайтын теңіз көлігі кемелерінде, жолаушылар пойыздарының вагон-мейрамханаларында жүзеге асырылатын сату;
4) алкоголь өнімін көтерме саудада өткізу – алкоголь өнімін лицензияда көрсетілген мекенжай бойынша қойма үй-жайларынан шектеусіз көлемде босату;
4-1) дербес сәйкестендіру нөмір-коды – өндірілетін және импортталатын этил спирті мен алкоголь өніміне (сыра қайнату өнімінен басқа) берілетін сәйкестендіру нөмірі;
5) орнын өзгерту – бір мекенжай бойынша орналасқан стационарлық өндірістік және (немесе) қойма үй-жайларының ішінде орналасқан орнын өзгертуді қоспағанда, этил спиртінің және (немесе) алкоголь өнімінің кеңістікте орналасқан орнын өзгерту;
6) аралас полимерлік ыдыс – iшкi жағы тамақ сақтайтын полимерлік материалдан әзірленіп, аралас полимерлік материалдардан жасалған тұтыну ыдысы;
7) есепке алатын бақылау аспаптары – электр энергиясының іркіліссіз қоректендіру көздерімен жарақтандырылған, уәкілетті органға және оның аумақтық бөлімшелеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы арқылы нақты уақыт режимінде этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілу көлемдері туралы, ондағы этил спиртінің (шарап ашыту өнімінен басқа) шоғырлануы туралы, этил спиртінің (сыра қайнату өнімінен басқа) қалдықтары және есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалануға жататын өндірілген алкоголь өнімінің есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру және арақтарды, айрықша арақтарды және тауардың шығарылған жерінің атауы қорғалған арақтарды өндіру кезінде тұтынылатын электр энергиясының көлемдері туралы деректердің автоматтандырылған берілуін қамтамасыз ететін аспаптар;
7-1) есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру аспаптары – уәкілетті органның ақпараттық ресурстарына қол жеткізіле отырып, алкоголь өнімінің есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіруді айқындайтын және сәйкестендіру деректерін уәкілетті органға және оның аумақтық бөлімшелеріне нақты уақыт режимінде беруді жүзеге асыратын, бағдарламалық қамтылымды пайдаланатын аспаптар;
8) есепке алу-бақылау маркасы – алкоголь өнiмінің айналымын (экспорттан басқа) есепке алу және оған бақылауды жүзеге асыру мақсатында оны (толысылған шараптан (шарап материалынан), сыра мен сыра сусынынан басқа) сәйкестендіруге арналған ақпаратты қамтитын, белгіленген нысандағы және мазмұндағы қажетті қорғау элементтері бар арнаулы бiржолғы жапсырма;
9) алып тасталды – ҚР 30.12.2020 № 397-VI (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
10) қаңылтыр ыдыс – iшкi жағы тамақ сақтайтын материалмен қапталған, арнайы қаңылтырдан жасалған тұтыну ыдысы;
11) қойма үй-жайлары – этил спиртiн және (немесе) алкоголь өнiмiн сақтауға, қабылдауға және босатуға арналған, біліктiлiк талаптарына сай келетiн арнаулы стационарлық үй-жайлар және (немесе) алаңшалар (этил спиртiн сақтау үшiн);
12) алып тасталды – ҚР 30.12.2020 № 397-VI (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
13) өндіріс паспорты – қолда бар жабдықты пайдалануды, технологиялық процестi сақтауды регламенттейтiн, негiзгi шикiзатты, ингредиенттердi, қосалқы материалдарды жұмсау нормаларын және дайын өнiмнiң, жанама өнiмдердiң шығу нормаларын, сондай-ақ өндiрiс кезіндегі шығынның нормаларын белгiлейтiн негiзгi құжат;
14) пластикалық сауыт – полиэтилен, полистирол және өзге де полимерлiк материал негiзіндегі тұтыну ыдысы;
15) сақтау – этил спиртiн және (немесе) алкоголь өнiмiн одан әрі көтерме саудада немесе бөлшек саудада өткізу мақсатында орналастыру (қоймада жинау);
16) сәйкестендіру – өндiрiсі мен айналымы, пайдаланылуы саласында ерекшелiк қасиеттері мен белгiлерi бойынша ұқсас өнімдер арасынан белгiлi бiр өнiмдi бұлжытпай тануды, оның толық сәйкестігін анықтауды қамтамасыз ететiн рәсiм;
17) стационарлық үй-жайлар – сумен жабдықталумен, энергиямен жабдықталумен және кәрізбен қамтамасыз етілген, iргетасы бар және олардың тiреуiш конструкциясына нұқсан келтiрмей орнын өзгерту мүмкiн емес іргелі ғимараттар, құрылыстар немесе олардың бөлiгi. Осы Заңда стационарлық үй-жайларға жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелері, жолаушылар тасымалдайтын теңіз көлігі кемелері, жолаушылар пойыздарының вагон-мейрамханалары теңестіріледі;
18) сусыз спирт – құрамында суы жоқ, есептеулерде қолданылатын, шартты ұғым ретінде пайдаланылатын жүз пайыздық спирт немесе абсолютті алкоголь;
18-1) сыра қайнату өнімін құю – сыра қайнату өнімін тасымалдау мен сақтауды көздемейтін, оны бөлшек саудада өткізу тәсілі;
19) таңбалау – тұтынушыға ақпарат жеткiзетiн және этикеткалардағы, контрэтикеткалардағы, кольереткалардағы және қаптамалардағы мәтiн, шартты белгi және суреттер;
19-1) тауарларға ілеспе жүкқұжат – этил спиртінің және (немесе) алкоголь өнімінің қозғалысын бақылауға арналған құжат;
20) тұтыну ыдысы – тұтынушыға алкоголь өнiмiмен бірге келiп түсетiн, көлiктiк ыдыс функциясын атқармайтын және денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган пайдалануға рұқсат берген материалдардан жасалған ыдыс;
21) фирмалық мамандандырылған дүкен – сауда залымен жабдықталған, фискальдық жадылы бақылау-кассалық машинамен жарақтандырылған және өзі өндірген алкоголь өнiмiн бөлшек саудада өткізуге арналған стационарлық үй-жай;
22) алып тасталды – ҚР 05.01.2021 № 407-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
23) этил спирті – ашымықты кейіннен айдау және (немесе) тазартып айыру немесе этил спирті шикізатын тазарту арқылы құрамында қант және крахмал бар шикізатты (жемістен басқа) спирттік ашыту әдісімен өндірілген, құрамында ілеспе ұшпа қоспалары бар, сондай-ақ тағамдық шикізаттан дайындалған этил спиртінің бас фракциясынан және этил спиртін, арақтарды, ликер-арақ бұйымдарын өндіру кезінде түзілетін қайта өңдеу өнімдерінен алынған этанол су ерітіндісін білдіретін, күштілігі кемінде 88 пайыз өнім;
24) этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі саласындағы есепке алатын бақылау аспаптарының деректері – этил спирті мен алкоголь өнімінің өндіріс көлемі, ондағы этил спиртінің (шарап ашыту және сыра қайнату өнімінен басқа) шоғырлануы, этил спиртінің (сыра қайнату өнімінен басқа) қалдықтары, есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру және арақтарды, айрықша арақтарды және тауардың шығарылған жерінің атауы қорғалған арақтарды өндіру кезінде тұтынылатын электр энергиясының көлемдері туралы деректер;
25) этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірісі саласындағы есепке алатын бақылау аспаптары деректерінің операторы – есепке алатын бақылау аспаптарының деректерін уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелеріне автоматтандырылған онлайн-беруді қамтамасыз ететін, конкурстық негізде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген тәртіппен айқындалған заңды тұлға;
Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 18.06.2014 № 210-V Заңымен (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); өзгерістер енгізілді - ҚР 27.10.2015 № 364-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 432-V (қолданысқа енгізілу тәртібін 15-б. қараңыз); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2019 № 249-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б.қараңыз); 31.12.2021 № 100-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
2-бап жаңа редакцияда көзделген – ҚР 01.07.2024 № 107-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі N 429 Заңы.
Осы Заңмен этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы, этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуі және айналымы субъектілері қызметін мемлекеттік реттеу және жүзеге асыру процестерінде туындайтын қатынастар реттеледі.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы