1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Масс-медиа туралы Заңы
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) абонент – телерадио хабарларын тарату операторымен телерадио хабарларын тарату қызметтерін алуға шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға;
2) аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі – аккредиттеу картасын беру арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын және олардың журналистерін (бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін) аккредиттеудің автоматтандырылған процесі;
3) ақпараттық егемендік – ақпараттық күн тәртібін қалыптастыруда Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық-саяси дербестігін айқындайтын Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңістігінің тәуелсіздігі;
4) балалар теле-, радиобағдарламасы – 12 жасқа дейінгі балаларға арналған, осы жастағы топқа тән сюжеті бар теле-, радиобағдарлама;
5) бас редактор (редактор) – бұқаралық ақпарат құралының редакциясын басқаратын және бұқаралық ақпарат құралының өнімін шығаруға және таратуға тиiстi өкiлеттiктерi бар жеке тұлға;
6) бұқаралық ақпарат құралы – мерзімді баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, интернет-басылым;
7) бұқаралық ақпарат құралын таратушы – бұқаралық ақпарат құралының өнiмiн оның меншiк иесiмен, баспагермен арадағы шарт бойынша немесе өзге де заңды негiздерде таратуды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
8) бұқаралық ақпарат құралының өнімі – мерзімді баспасөз басылымының немесе аудиовизуалды туындының жекелеген нөмірінің таралымы немесе таралымының бір бөлігі, теле-, радиобағдарламаның жекелеген шығарылымы, сондай-ақ интернет-басылымда орналастырылған ақпарат;
9) бұқаралық ақпарат құралының редакциясы – бұқаралық ақпарат құралының материалдарын жинауды, әзірлеуді, шығаруды және таратуды жүзеге асыратын жеке тұлға не заңды тұлғаның құрылымдық бөлiмшесi болып табылатын шығармашылық ұжым;
10) білім беру теле-, радиобағдарламасы – мазмұны телекөрерменді немесе радиотыңдаушыны ғылымның, мәдениеттің, өндірістің, өнердің және әлеуметтік өмірдің қандай да бір саласындағы нақты білім жүйесінде оқытуға бағытталған, адамдардың көпшілік тобына арналған теле-, радиобағдарлама;
11) бірыңғай медиаплатформа – мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған ақпараттық жүйе;
12) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын таратушы – телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының аумағында меншікті спутниктік хабар тарату жүйелері бар телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қолжетімді карталарды, телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиосигналын жеке-дара қабылдауға арналған жабдықты тарататын жеке немесе заңды тұлға;
13) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғысы – теле-, радиосигналды жеке-дара қабылдауға арналған жабдық;
14) дыбыстық сүйемелдеудің көпарналы берілуі – абонентке көру тілін таңдауға мүмкіндік беретін, телебағдарламада екі және одан да көп дыбыстық сүйемелдеудің берілуі;
15) еркін қолжетімді теле-, радиоарна – көру құқығы үшін ақы алынбай адамдардың шектеусіз тобына цифрлық эфирлік және спутниктік телерадио хабарларын тарату арқылы таратылатын теле-, радиоарна;
16) журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкілі) – бұқаралық ақпарат құралының редакциясымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастар негізінде бұқаралық ақпарат құралы үшін хабарлар мен материалдарды жинау, өңдеу және әзірлеу қызметін жүзеге асыратын жеке тұлға;
17) журналисті (бұқаралық ақпарат құралының өкілін) аккредиттеу – журналистi тағайындау рәсiмi және оның өкiлеттiгiн мемлекеттiк органның және (немесе) ұйымның тануы;
18) журналистің ерекше мәртебесі – журналистің құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, ақпаратты іздеу, сұрату, алу және тарату кезінде кеңейтілген құқықтарды, сондай-ақ осы Заңда белгіленген өзге де ерекше құқықтарды көздейтін журналист мәртебесі;
19) көпарналы хабар тарату – теле-, радиоарналар топтамаларын таратуға арналған телекоммуникациялық жүйе;
20) масс-медиа – бұқаралық ақпарат құралы және интернет-ресурс;
21) масс-медиа мониторингі – масс-медиа өнімін жинау және оны Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуы тұрғысынан, сондай-ақ қоғамның адамгершілік тұрғыдан дамуына зиян келтіруі және жалпыадамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарды бұзуы тұрғысынан талдау процесі;
22) масс-медиа өнiмi – бұқаралық ақпарат құралының өнімі, сондай-ақ интернет-ресурста орналастырылған ақпарат;
23) масс-медиа өнiмiн тарату – мерзiмдi баспасөз басылымдарын сату (жазылу, жеткiзу, үлестiру), теле-, радиобағдарламаларды, аудиовизуалды туындыны эфирге шығару, телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникация желілерінде теле-, радиобағдарламаларды тұтынушыға дейін жеткізу, сондай-ақ ақпаратты интернет-басылымдарда немесе интернет-ресурстарда орналастыру;
24) масс-медиа саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – масс-медиа саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
25) мемлекеттік ақпараттық саясат – мақсаттары ақпараттық егемендікті нығайту және қорғау болып табылатын, мемлекет пен қоғам мүдделерін қанағаттандыратын ақпаратты жасауға және таратуға бағытталған мемлекеттік шаралар кешені;
26) мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы – жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі елу пайыздан астам дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы;
27) мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралы – жарғылық капиталында мемлекетке тиесілі елу пайыздан кем дауыс беретін акциялары, жарғылық капиталына қатысу үлестері, пайлары бар бұқаралық ақпарат құралы;
28) мерзiмдi баспасөз басылымы – тұрақты атауы, ағымдағы нөмiрi бар және үш айда кемiнде бiр рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшалары;
29) міндетті теле-, радиоарна – цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату желілерін және телекоммуникация желілерінде телерадио хабарларын таратуды қоспағанда, уәкілетті орган бекіткен тиісті тізбеге кіретін, Қазақстан Республикасының аумағында көпарналы хабар тарату арқылы таратылуға міндетті теле-, радиоарна;
30) отандық теле-, радиоарна – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген телерадиокомпаниялар құрған теле-, радиоарна;
31) отандық теле-, радиобағдарламалар – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген және өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде жүзеге асыратын телерадиокомпаниялар немесе жеке және заңды тұлғалар жасаған теле-, радиобағдарламалар;
32) өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс – өңірлік деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі қызметтерді бюджет қаражаты есебінен көрсетуге арналған тапсырыс;
33) порнографиялық және арнайы жыныстық-эротикалық сипаттағы кино, бейнеөнім – моральдық құндылықтарға сәйкес келмейтін, адамның ар-ожданы мен қадір-қасиетін қорлайтын жыныстық қатынастың натуралды түрде, егжей-тегжейлі тіркелуі не жыныстық әуестіктің қозуына немесе жыныстық қажеттіліктерді қанағаттандыруға ықпал ететін жыныстық қатынас процесіндегі жалаңаш гениталийлерді көрсету;
34) ресми хабар – "Ақпаратқа қол жеткізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес белгіленген ақпарат иеленуші масс-медиа арқылы беретін және (немесе) тарататын ақпарат;
35) республикалық деңгейде мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырыс – мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу жөніндегі қызметтерді бюджет қаражаты есебінен көрсетуге арналған тапсырыс;
36) ретрансляция – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникация желілерінде теле-, радиобағдарламаларды, теле-, радиоарналарды қабылдау және бір мезгілде не жазып алып тарату;
37) спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігін субсидиялау – телерадио хабарларын таратудың ұлттық операторын қоспағанда, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің тұрғындарын отандық спутниктік құрылғылар қызметтерін пайдалануға ынталандыру мақсатында, спутниктік телерадио хабарларын тарату операторлары шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған, бюджеттен төленетін қайтарымсыз төлемдер;
38) субтитрлер – телебағдарламада қамтылған ақпаратты телебағдарлама түпнұсқасының дыбыстық сүйемелденуін мәтінмен қайталау арқылы тарату тәсілі;
39) телевизиялық абоненттік жалғама – абоненттің цифрлық телевизиялық сигналды қабылдауына арналған жеке техникалық құрал;
40) теле-, радиоарна – кейіннен трансляциялау және (немесе) ретрансляциялау үшін хабар тарату кестесіне сәйкес қалыптастырылған теле-, радиобағдарламалар мен аудиовизуалды туындылардың, сюжеттер мен материалдардың жиынтығын білдіретін бұқаралық ақпарат құралы;
41) теле-, радиоарналар топтамасы – телекоммуникация желілерінде көпарналы хабар тарату арқылы тарату үшін телерадио хабарларын тарату операторы қалыптастырған теле-, радиоарналар жиынтығы;
42) теле-, радиобағдарлама – тиісті атауы, хабар тарату көлемі бар және теле-, радиоарнаның басқа бөліктеріне қарамастан пайдаланылуы мүмкін теле-, радиоарнаның мазмұны жағынан аяқталған бөлігі;
43) телерадиокомпания – теле-, радиоарнаны есепке қою туралы куәлік алған, теле-, радиоарнаның меншік иесі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға немесе оның филиалы (өкілдігі);
44) телерадио хабарларын тарату – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникациялар желілерінде теле-, радиоарналарды ашық немесе кодталған түрде абоненттің жария қабылдауы үшін қалыптастыру және (немесе) тарату;
45) телерадио хабарларын таратудың техникалық құралдары – теле-, радиоарналар мен теле-, радиобағдарламалар жасауды, қалыптастыруды, таратуды және (немесе) қабылдауды қамтамасыз ететін радиоэлектрондық құралдар мен қабылдайтын-беретін техникалық құрылғылар жиынтығы;
46) телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісі – мемлекет меншігіндегі, Қазақстан Республикасының аумағында теле,- радиосигналдарды таратуды қамтамасыз ететін телекоммуникациялардың техникалық құралдарының және телерадио хабарларын таратудың жүйесі;
47) телерадио хабарларын тарату қызметі – теле-, радиобағдарламаларды қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, абонентке дейін жеткізу;
48) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;
49) трансляция – телекоммуникациялардың техникалық құралдарын пайдалана отырып және телекоммуникация желілерінде теле-, радиоарналардың сигналын бастапқы тарату;
50) тілшілер қосыны – бұқаралық ақпарат құралы редакциясының функцияларын және осы бұқаралық ақпарат құралы үшін ақпараттық хабарлар және (немесе) материалдар жинауды, сақтауды, жасауды (әзірлеуді), сондай-ақ оның өнімін таратуды жүзеге асыратын заңды тұлғаның оқшауланған құрылымдық бөлімшесі;
51) хабар тарату кестесі – хабар таратудың бағдарламалық тұжырымдамасының нақты кезеңдегі негізгі бағыттарын көрсететін теле-, радиобағдарламалардың тізбесі, реттілігі, атауы, эфирге шығу уақыты;
52) цензура – масс-медианың хабарлары мен материалдарын мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және өзге де ұйымдармен олардың талап етуі бойынша немесе өзге де негiздер бойынша хабарлар мен материалдарды не олардың жекелеген бөлiктерiн таратуды шектеу немесе оларға тыйым салу мақсатында алдын ала келiсуі;
53) шартты қолжетімді карта – дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларының сәйкестендіргішін қамтитын, абоненттің телерадио хабарларын тарату операторының қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз ететін құрылғы;
54) шартты қолжетімді теле-, радиоарна – көру құқығы өтеулі шарт негізінде қамтамасыз етілетін, телерадио хабарларын тарату операторлары Қазақстан Республикасының аумағында адамдардың шектеусіз тобына тарататын теле-, радиоарна;
55) эротикалық сипаттағы өнім – гениталийлерді қоспағанда, адамдардың сексуалдық қатынастарын, адам денесінің ұятты тұстарын көрсететін және порнография элементтерін қамтымайтын баспасөз басылымы;
56) эфирге шығу – аналогтік және цифрлық электромагниттi жүйелердi пайдалана отырып, теле-, радиобағдарламаларды, аудиовизуалды жазбаларды трансляциялау.
2-бап. Сөз бен шығармашылық, ақпаратты алу және тарату бостандығы
1. Сөз бен шығармашылық бостандығына Қазақстан Республикасының Конституциясы кепілдік береді. Цензураға тыйым салынады.
2. Әркімнің заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен ақпаратты еркін алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын құрайтын мәліметтер тізбесі заңда айқындалады.
3. Масс-медиа терроризмге қарсы іс-қимылды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға жәрдемдесуге міндетті.
4. Мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу кезеңінде олардың техникалық тәсiлдерi мен тактикасын ашатын ақпаратты таратуға, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды, жарылғыш заттар мен жарғыш құрылғыларды, сондай-ақ қатыгездікке, зорлық-зомбылыққа бас ұруды және порнографияны насихаттауға тыйым салынады.
5. Масс-медианы қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар жасау мақсатында пайдалануға тыйым салынады.
Ескертпе. Осы Заңның мақсаттары үшін масс-медиада насихаттау деп Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынған ақпарат туралы қоғамдық оң пікірді қалыптастыру және (немесе) шектеусіз адамдар тобын құқыққа қайшы әрекет жасауға немесе әрекетсіздікке итермелеу үшін көзқарастарды, фактілерді, дәлелдерді және өзге де, оның ішінде әдейі бұрмаланған ақпаратты тарату түсініледі.
Осы Заң масс-медиа саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, олардың құқықтық негіздерін белгілейді және сөз бен шығармашылық бостандығына конституциялық құқықты қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы