10-бап. Сотталғандардың негізгі құқықтары Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
1. Сотталғандардың:
1) жазаны орындайтын мекемелерден немесе органдардан жазаны өтеу тәртібі, шарттары және олардың өзгеруі туралы ақпарат алуға;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің атына кешірім жасау туралы өтінішхатпен жүгінуге;
3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ауызша және жазбаша ұсыныстармен, өтініштермен және шағымдармен жазаны орындайтын мекеме немесе орган әкімшілігіне, олардың жоғары тұрған органдарына, сотқа, прокуратура органдарына, өзге де мемлекеттік органдарға және лауазымды адамдарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға жүгінуге;
4) өздерінің адами қадір-қасиетінің танылуына, азаптаудан, зорлық-зомбылықтан, басқа да қатыгездік немесе адами қадір-қасиетін қорлайтын қарекеттерден немесе жазалаудан қорғануға;
5) жазасын өтеу кезінде жеке басының қауіпсіздігіне;
6) ана тілінде немесе өздері меңгерген кез келген басқа тілде түсініктемелер беруге және хат жазысуды жүргізуге, сондай-ақ ұсыныстармен, өтініштермен және шағымдармен жүгінуге, заңда көзделген жағдайларда аудармашының қызметін пайдалануға;
7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен білікті заң көмегін, оның ішінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету шеңберінде консультациялар, анықтамалар, құқықтық сипаттағы құжаттарды жасау түрінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 475-бабы үшінші бөлігінің бірінші абзацында және 476-бабының 4), 5), 5-1), 11), 13), 15), 17), 19) және 22) тармақтарында көзделген жағдайларда соттардың үкімдері мен қаулыларын орындау барысында ұсынылатын құжаттарды дайындау кезінде, сондай-ақ өзге де түрде алуға;
8) денсаулығын сақтауға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын сәйкес білікті медициналық көмек алуға;
9) мекеменің психологиялық қызметінің қызметкерлері және осындай көмек көрсетуге құқығы бар өзге де адамдар көрсететін психологиялық көмекке;
10) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасына сәйкес әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандырылуға;
11) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес қауіпсіз еңбек жағдайларына, демалуға, демалысқа, сондай-ақ еңбегіне ақы төленуге құқығы бар.
Сотталғандардың осы Кодекске, жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау және өтеу тәртібі мен шарттарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілерге сәйкес өзге де құқықтары бар.
2. Сотталған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасында аккредиттелген өз мемлекеттерінің дипломатиялық өкілдіктерімен және консулдық мекемелерімен, ал Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық және консулдық мекемелері жоқ елдердің азаматтары – олардың мүдделерін қорғауды өзіне алған мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктерімен немесе оларды қорғауды жүзеге асыратын халықаралық ұйымдармен байланысты ұстап тұруға құқылы.
3. Сөйлеу не есту не көру қабілеті бұзылған мүгедектігі бар сотталғандардың дактильді-ымдау тілін немесе Брайль әліпбиін меңгерген мамандар көрсететін қызметтерді пайдалануға құқығы бар.
4. Сотталғандарды клиникалық зерттеулерге ұшыратуға болмайды.
Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-атқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы