10-бап. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілеріне қосу, электр және (немесе) жылу энергиясын беру кезіндегі қолдау Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы Заңы
1. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңадан салынған объектілер, сондай-ақ пайдалануға берілу мерзіміне қарамастан, қайта жаңартылған объектілер кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін энергия беруші ұйымның электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.
1-1. Жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, реконструкциялауды) жоспарлап отырған энергия өндіруші ұйым және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын энергия беруші ұйым электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін қосу туралы үлгілік шарт жасауға міндетті. Бұл ретте жасалатын шартта жаңа немесе жұмыс істеп тұрған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін құруды (кеңейтуді, реконструкциялауды) жоспарлап отырған энергия өндіруші ұйымның және электр желілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері тікелей қосылатын энергия беруші ұйымның шарт талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауаптылығы көзделеді.
2. Энергия беруші ұйым кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесінің кедергісіз және кемсітушіліксіз анықталуын және жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын объектілердің қосылуын қамтамасыз етеді.
3. Энергия беруші ұйымдардың электр желілерінің өткізу қабілеті шектелген жағдайда, жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым өндірген электр энергиясын беруге басымдық берілуі тиіс. Бұл талап Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикасы жүйесіндегі авариялық бұзушылықтарды жүйелік оператордың жою кезеңдеріне қолданылмайды.
4. Қазақстан Республикасы бірыңғай электр энергетикасы жүйесінің электр желілеріне электр энергиясын беру-тұтынудың тәуліктік диспетчерлік кестелерін қалыптастыру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерінен электр энергиясын беру оларға басым тәртіппен қосылады.
Бұл басымдық қуат нарығына қатысатын жаңартылатын энергия көздері объектілеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жаңартылатын энергия көздерін қолдау және дамыту туралы заңнамасына сәйкес жасалған электр энергиясын сатып алу-сатудың ұзақ мерзімді шарттары шеңберінде электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға электр энергиясын өткізуді жүзеге асырмайтын жаңартылатын энергия көздері объектілеріне қолданылмайды.
5. Энергия беруші ұйымдар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, соның ішінде ауқымы шағын объектілерді қосу үшін жұмыс істеп тұрған электр желілерін кеңейткен және реконструкциялаған жағдайда тиісті шығындар Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен энергия беруші ұйымдардың тарифтеріне қосылады.
6. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желілеріне қосу нүктесіне дейінгі желілерді салуға, желіге қосуға, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен энергия беруші ұйымның желісіне қосу нүктесіне дейін энергия беруге және берілетін энергияны өлшеуге байланысты шығындар жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінің меншік иесіне жүктеледі.
Ескерту. 10-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.07.2013 № 128-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 34-VI (01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.06.2024 № 96-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 121-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі N 165-IV Заңы.
Осы Заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың мақсаттарын, нысандары мен бағыттарын айқындайды, сондай-ақ қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды қолдау және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану тетігін реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы