12-бап. Арнаулы құралдарды қолдану Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметi туралы Заңы
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметi қызметкерлерiнiң және әскери қызметшілерінің өздерi жарақтанған арнаулы құралдарды мынадай жағдайларда қолдануға құқығы бар:
1) күзетiлетiн адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
2) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметi күзететiн үйлерге, ғимараттарға, үй-жайларға, басқа да объектiлерге және көлiк құралдарына жасалған шабуылды тойтару үшiн, сол сияқты бұл объектiлер мен құралдар басып алынған жағдайда оларды босату үшiн;
3) атыс қаруын немесе суық қаруды, оқ-дәрiнi, жарылғыш, уыты күштi химиялық және улы заттарды заңсыз ұстап жүрген адамдарды қарусыздандыру үшiн;
4) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметiнiң қызметкерлерiне, әскери қызметшілеріне, олардың отбасы мүшелерiне не Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі күзет шараларын қамтамасыз етуге тартқан басқа адамдарға жасалған шабуылды тойтару үшiн;
5) құқық бұзушыларды, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметiнiң қызметкерлерiне немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне, әскери қызметшілеріне қарсылық көрсеткен немесе өздерiне жүктелген қызмет мiндеттерiн жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiрген адамдарды ұстау үшiн;
6) кепiлге алынған адамдарды босату, күзетiлетiн адамдардың өмiрiне, денсаулығына, құқығына, бостандығына, жеке басының қадiр-қасиетi мен меншiгiне және объектілерге қауiп төндiретiн жаппай тәртiпсiздiктердi, топтық әрекеттердi тыйып тастау үшiн;
7) егер күзетiлетiн адамдарға төнген анық қатерге басқа тәсiлдермен жол бермеу мүмкiн болмаса, жүргiзушiсi Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметi қызметкерінiң және (немесе) әскери қызметшісінің талабын орындамаған көлiк құралын тоқтату үшiн;
8) әуе кеңістігін күзет іс-шараларын өткізу аймағында немесе күзетілетін объектілер аумағының үстінен пилотсыз әуе кемелері бұзуының жолын кесу үшін.
Күзетiлетiн адам тұрған жаққа қарай, сондай-ақ жүктiлiгi бiлiнiп тұрған әйелдерге, мүгедектiгi айқын көрiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты, олар күзетiлетiн адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн шабуыл жасаған, топталып шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайлардан басқа кезде, арнаулы құралдарды қолдануға тыйым салынады.
Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2002.07.04 № 335, 2010.04.08 № 266-IV; 04.07.2014 № 233-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.06.2020 № 347-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2022 № 174-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 3 қазандағы N 2483 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы