⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 12-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер Мемлекеттiк сатып алу туралы Заңы

12-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер Мемлекеттiк сатып алу туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

12-бап. Мемлекеттік сатып алу саласында қалыптастырылатын тізілімдер Мемлекеттiк сатып алу туралы Заңы 

      1. Уәкілетті орган: 

      1) мыналардың: 

      тапсырыс берушілердің; 

      мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың; 

      мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың; 

      шағымдардың мемлекеттік сатып алу саласындағы республикалық тізілімдерін (бұдан әрі – тізілімдер) қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асырады; 

      2) әлеуетті өнім берушілердің паспорттарының базасын қалыптастырады және жүргізеді. 

      2. Тапсырыс берушілердің тізілімі өздерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуі, сондай-ақ осы Заңға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес мемлекеттік функцияларды не жарғылық қызметті орындауы үшін қажетті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыруға міндетті заңды тұлғалардың тізбесін білдіреді. 

      3. Мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізілімі тапсырыс берушілер тиісті қаржы жылында жасасқан мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізбесін білдіреді және мемлекеттік сатып алу туралы шарттың нысанасы, сандық және құндық көрсеткіштері туралы, тараптардың шарттық міндеттемелерді орындау нәтижелері туралы мәліметтерді қамтиды. 

       Осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 9), 18), 31), 32) және 35) тармақшаларында және 50-бабында көзделген мемлекеттік сатып алудың нәтижелері бойынша жасалған шарттар туралы мәліметтер мемлекеттік сатып алу туралы шарттардың тізіліміне енгізілуге жатпайды. 

      4. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі: 

      1) біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің немесе өнім берушілердің; 

      2) жеңімпаздар деп айқындалған, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушілердің; 

      3) өздерімен жасалған мемлекеттік сатып алу туралы шарттар бойынша өз міндеттемелерін орындамаған не тиісті түрде орындамаған өнім берушілердің тізбесін білдіреді. 

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) тармақшасында көрсетілген жағдайда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, тапсырыс беруші не уәкілетті орган әлеуетті өнім берушінің немесе өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өздеріне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті. 

      Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген жағдайда, тапсырыс беруші өнім берушінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне мәлім болған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кешіктірмей мұндай өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінуге міндетті, бұған жиынтығында мынадай шарттарды: 

      1) өнім берушінің тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) төлеуі; 

      2) шарттық міндеттемелерді толық орындау; 

      3) тапсырыс берушіге келтірілген залалдың болмауы шарттарын қанағаттандыратын жағдайлар қосылмайды. 

      5. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады. 

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімі уәкілетті органның әлеуетті өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі негізінде қалыптастырылады. 

      6. Егер әлеуетті өнім беруші уәкілетті органның оны осы баптың 5-тармағының екінші бөлігінде көзделген, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімімен келіспеген жағдайда, мұндай әлеуетті өнім беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы өзіне мәлім болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісу комиссиясына жүгінуге құқылы. 

      Келісу комиссиясы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім берушінің жолданымын қарайды және мұндай әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау не алып тастаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. 

      Әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы шешім қабылданған жағдайда, тапсырыс беруші уәкілетті органға жүгінеді. 

      Уәкілетті орган келісу комиссиясының шешімін ескере отырып, әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы шешім шығарады. 

      7. Келісу комиссиясының құрамына міндетті түрде Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. 

      8. Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген өнім берушілер соттың оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді. 

      Осы баптың 4-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген негіз бойынша мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізілген әлеуетті өнім берушілер уәкілетті орган оларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы шешім қабылдаған күннен бастап жиырма төрт ай бойы мемлекеттік сатып алуға қатысуға жіберілмейді. 

      Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінде қамтылған мәліметтер осы тармақтың бірінші және екінші бөліктерінде белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей көрсетілген тізілімнен алып тасталады. 

      9. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы туралы мәліметтерді алып тастауға мыналар негіз болып табылады: 

      1) осы баптың 8-тармағының бірінші және екінші бөліктерде белгіленген мерзімдердің өтуі; 

      2) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы шешімнің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот актісінің болуы; 

      3) келісу комиссиясының әлеуетті өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізілімінен алып тастау туралы жолданымын қарау қорытындылары бойынша қабылдаған уәкілетті органның шешімі. 

      10. Әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы шешімге олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шағым жасай алады. 

      11. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таралуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, тізілімдерде қамтылған мәліметтер мемлекеттік сатып алу веб-порталында орналастырылады және олар мүдделі тұлғалардың танысуына төлемақы алынбастан, қолжетімді болуға тиіс. 

      12. Мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне осы Заңның 39-бабы 3-тармағының 1), 2), 27) және 36) тармақшаларында көзделген жағдайларда айқындалған әлеуетті өнім берушілер мен өнім берушілер енгізілмейді. 

      13. Шағымдар тізілімі әлеуетті өнім берушілердің және өнім берушілердің уәкілетті органға мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы берген шағымдарының тізбесін білдіреді және шағымдарды қараудың және берілген нұсқамалардың (хабарламалардың) нәтижелері бойынша қабылданған шешімдер туралы мәліметтерді қамтиды. 

      14. Әлеуетті өнім берушілердің паспорттарының базасы мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелерден алынған әлеуетті өнім берушілер туралы мәліметтерді қамтитын және мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталында қалыптастырылатын электрондық дерекқорды білдіреді. 

      Ескерту. 12-бап жаңа редакцияда - ҚР 15.11.2021 № 72-VII (01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.  

 

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы № 434-V ҚРЗ. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті   

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

      Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы