12-бап. Міндетті және төтенше жарналар, оларды төлеу тәртібі. Қордың қарыз алуы Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы Заңы
1. Қатысушы-сақтандыру ұйымы қатысу шартына сәйкес міндетті және төтенше жарналарды төлеуге міндетті.
Міндетті жарналардың ставкасын Қор жыл сайын айқындайды.
Міндетті жарналар ставкасын есептеу әдістемесі, оларды төлеу тәртібі мен мерзімі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
2. Осы Заңның 7-бабының 2-1-тармағында көрсетілген сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жинақтау сақтандыру шарттары бойынша міндетті жарналардың мөлшері қалыптастырылған сақтандыру резервтерінің көлемі және міндетті жарналардың мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі.
Сақтандырудың басқа кепілдік берілетін түрлері бойынша міндетті жарналардың мөлшері сақтандыру ұйымы есепке жазған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі және міндетті жарналардың мөлшерлемесі негізге алына отырып есептеледі.
2-1. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген пруденциялық нормативтер мен өзге де сақталуға міндетті нормалар мен лимиттерді қатысушы-сақтандыру ұйымы бұзған жағдайда, мұндай сақтандыру ұйымы үшін міндетті жарна ставкасы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісінде көзделген тәртіппен ұлғайтылуға тиіс.
2-2. Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беретін резерв:
1) осы Заңның 7-бабында көзделген Қордың кепілдіктері бойынша міндеттемелерін;
2) осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды Қордың жүзеге асыруына байланысты шығыстарды, сондай-ақ осы Заңда көзделген жағдайларда жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу жөніндегі төлемдерді өтеу үшін пайдаланылады.
3. Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві жеткіліксіз болған жағдайда, Қор қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналарын олардың шартты міндеттемелерінің шегінде тартады.
Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві және қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналары жеткіліксіз болған жағдайда, уәкілетті органмен келісу бойынша Қордың директорлар кеңесі айқындаған тәртіппен Қордың меншікті капиталы пайдаланылады.
Осы Заңда көзделген, жәбірленушінің өміріне, денсаулығына келтірілген зиянды және (немесе) жерлеуге жұмсалған шығыстарды өтеу бойынша төлемдерді жүзеге асыру үшін зиянды өтеу резерві жеткіліксіз болған жағдайда, Қор ағымдағы тоқсанның соңына дейін Қордың директорлар кеңесі белгілеген мөлшерде сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын пайдалануға құқылы. Қор сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервін қалпына келтіру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің пайдаланылған сомасы мөлшерінде қатысушы-сақтандыру ұйымдарынан түсетін төтенше жарналарды тартады.
Қордың директорлар кеңесі айқындаған тәртіппен, пайдаланылған соманың орнын толтыруды, оның ішінде сақтандырудың қай саласы бойынша кепілдік берілетініне қарай, "жалпы сақтандыру" саласы не "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналарын тарту есебінен толтыруды ескере отырып, "жалпы сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын "өмірді сақтандыру" саласы бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында пайдалануға және керісінше, "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервінің қаражатын "жалпы сақтандыру" саласы бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында пайдалануға жол беріледі.
4. Осы Заңның 7-бабының 2-1-тармағында көрсетілген сақтандырудың кепілдік берілетін түрлері (сыныптары) шеңберінде жинақтау сақтандыру шарттары бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарының мөлшері соңғы есепті күнге сақтандырудың осы түрлері бойынша Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдарының қалыптастырылған сақтандыру резервтерінің жалпы көлеміндегі қатысушы-сақтандыру ұйымы қалыптастырған сақтандыру резервтерінің үлесіне пропорционалды түрде айқындалады.
Сақтандырудың басқа кепілдік берілетін түрлері бойынша қатысушы-сақтандыру ұйымының төтенше жарналарының мөлшері ағымдағы есепті кезеңде сақтандырудың осы түрлері бойынша Қорға барлық қатысушы-сақтандыру ұйымдарының сақтандыру сыйлықақыларының жалпы көлеміндегі өзі жасасқан сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларының үлесіне пропорционалды түрде айқындалады.
5. Осы Заңның 8-бабы 2-тармағының 1) және 1-1) тармақшаларында көзделген функцияларды жүзеге асыру үшін сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві, төтенше жарналар және Қордың меншікті капиталы жеткіліксіз болған кезде Қорға Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және өзге де ұйымдар қатысушы-сақтандыру ұйымдарының төтенше жарналары есебінен өтелуге жататын қарыз беруге құқылы.
6. Сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына берілген лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қатысушы-сақтандыру ұйымын міндетті және төтенше жарналар төлеуден босатпайды.
7. Қатысушы-сақтандыру ұйымы (Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалын қоспағанда) сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айрылған күннен бастап қатысушы-сақтандыру ұйымының міндетті және төтенше жарналарды төлеу міндеттемелері соттың қатысушы-сақтандыру ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.
Қатысушы-сақтандыру ұйымының (Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалын қоспағанда) міндетті және төтенше жарналарды төлеу міндеттемелері соттың оны мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады.
Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымы филиалының міндетті және төтенше жарналарды төлеу міндеттемелері уәкілетті орган Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының филиалын сақтандыру қызметін жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап тоқтатылады.
Осы Заңға сәйкес қатысушы-сақтандыру ұйымдары төлеген міндетті және төтенше жарналар қайтарылуға жатпайды.
Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.05.07 № 244 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2009.12.30 № 234-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2010.07.15 № 338-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.04.2015 № 311-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 3 маусымдағы N 423 Заңы.
Осы Заң Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының құқықтық жағдайын, оның құрылуы мен қызметінің тәртібін, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымдары филиалдарының Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорына қатысу шарттарын және оның қызметіне бақылауды қамтамасыз ету қағидаттарын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы