⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 12-бап. Пайдалы қазбалар және олардың сыныпталуы Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі

12-бап. Пайдалы қазбалар және олардың сыныпталуы Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

12-бап. Пайдалы қазбалар және олардың сыныпталуы Қазақстан Республикасының Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодексі    

      1. Химиялық құрамы мен физикалық қасиеттері оларды материалдық өндіріс саласында және тікелей немесе қайта өңделгеннен кейін тұтыну саласында пайдалануға мүмкіндік беретін, пайдалы құрауыштары бар табиғи минералдық түзілімдер мен органикалық заттар пайдалы қазбалар болып танылады.

      2. Өзінің экономикалық маңызы бойынша және жер қойнауын пайдаланудың тиісті шарттарын белгілеу мақсатында пайдалы қазбалар мынадай топтарға бөлінеді:

      1) жерасты сулары;

      2) көмірсутекті пайдалы қазбалар (көмірсутектер);

      3) пайдалы қатты қазбалар.

      3. Мұнай, шикі газ және табиғи битум көмірсутектер деп танылады.

      Шикі мұнай, газ конденсаты, тақтатасты мұнай, сондай-ақ шикі мұнайды тазартқаннан кейін және жанғыш тақтатастарды, мұнай битумды жыныстарды немесе шайырлы құмдарды өңдегеннен кейін алынған көмірсутектер мұнай деп танылады.

      Үлес салмағына қарамастан, қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде жер қойнауынан сұйық күйінде алынатын, оның ішінде шикі газдан табиғи конденсаттау арқылы түзілген кез келген көмірсутектер шикі мұнай деп танылады.

      Үлес салмағына қарамастан, жер қойнауынан қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде газ тектес күйде алынатын кез келген көмірсутектер, оның ішінде тазартылмаған табиғи, ілеспе, қатпарлы газ, көмiр қабаттарындағы метан, сондай-ақ олардың құрамындағы көмiрсутексіз газдар шикі газ деп танылады.

      Мұнайдың құрамында қатталған жағдайларда еріген күйде кездесетін және қысым төмендеген кезде одан бөлініп шығатын көмірсутектердің және көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы ілеспе газ деп танылады.

      Көмір кен орындарынан өндірілген, қалыпты атмосфералық температурада және қысым кезінде газ тектес күйде болатын, құрамында метан басым болатын көмірсутектердің және көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы көмір қабаттарының метаны деп танылады.

      Табиғи жағдайда ұңғымалық әдістермен өндіру техникалық жағынан мүмкін емес, жер қойнауында қатты, тұтқыр және тұтқыр-пластикалық күйде жататын, бастапқы көмірсутек негізі бар органикалық текті пайдалы қазбалар табиғи битум деп танылады.

      Тақтатасты жыныстардағы шикі мұнай тақтатасты мұнай деп танылады.

      Тақтатасты жыныстардағы, қалыпты атмосфералық температура мен қысым кезінде газ тәріздес күйде болатын, көмірсутектердің және құрамында метан басым көмірсутекті емес газдардың көп құрауышты қоспасы тақтатасты газ деп танылады.

      Сазды минералдардың үлпектері мен басқа минералдардың, атап айтқанда кварц пен кальциттің ұсақ бөлшектерінің (қарабалшықтың немесе саздың жұқа бөлшектерінің) қоспасын білдіретін қарабалшықтан, органикалық заттардан түзілген, өткізгіштігі төмен, шөгінді текті ұсақ түйіршікті кесек жыныс тақтатасты жыныс деп танылады.

      Ыдырауы кезінде құрамында метан басым газ бөлінетін табиғи жолмен алынған қатты кристалды заттар газ гидраттары деп танылады.

      Тақтатасты мұнай, тақтатасты газ, табиғи битум, көмір қабаттарындағы метан және газ гидраттарынан алынатын газ дәстүрлі емес көмірсутектерге жатады.

      4. Жер қойнауында немесе жер бетінде қатты күйде болатын табиғи минералдық түзілімдер, органикалық заттар мен олардың қоспалары пайдалы қатты қазбалар деп танылады.

      Пайдалы қатты қазбалар кендік және кендік емес болып бөлінеді. Саф металдар, қара, түсті, сирек, радиоактивті металдардың және сирек кездесетін жер элементтерінің кендері кендік пайдалы қатты қазбалар деп танылады. Қалған пайдалы қатты қазбалар кендік емес деп танылады.

      Құрылыс және өзге де шаруашылық мақсаттарында табиғи күйінде немесе болмашы өңделумен және тазартыла отырып пайдаланылатын және жер қойнауында кеңінен таралған кендік емес пайдалы қатты қазбалар кең таралған деп танылады. Кең таралған пайдалы қазбаларға мыналар жатады:

      метаморфалық жыныстар, оған қоса, оның ішінде мәрмәрларды, кварциттерді, кварцты-далалық шпат жыныстарын қамтитын метаморфалық жыныстар;

      магмалық тау жыныстары, оның ішінде граниттерді, сиениттерді, диориттерді, габброны, риолиттерді (липариттерді), андезиттерді, диабаздарды, базальттарды, вулкандық туфтарды, шлактарды, пемзаларды, вулкандық шыныларды және шыны тектес жыныстарды (перлиттерді, обсидианды) қамтитын магмалық тау жыныстары;

      шөгінді тау жыныстары, оның ішінде ұсақ жұмыр тастар мен қиыршық тастарды, қиыршық тас-құм (құм-қиыршық тас) қоспаларын, құмдар мен құмдауықтарды, саздақ пен саздақты жыныстарды (суглинкілерді, алевролиттерді, аргиллиттерді, саздақты тақта тастарды), ас тұзын, гипстік жыныстарды, мергельдерді, әктастарды, оның ішінде ұлутастарды, бор жыныстарын, доломиттерді, әктас-доломит жыныстарын, кремний жыныстарын (трепелдерді, опокаларды, диатомиттерді), табиғи пигменттерді, торфты, емдік балшықтарды қамтитын шөгінді тау жыныстары.

      Ескерту. 12-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР 02.01.2021 № 401-VI (01.03.2021 бастап қолданысқа енгізіледі); 05.01.2021 № 407-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2022 № 130-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

 

Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы