13-бап. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы субъектілердің негіз құраушы құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Әркімнің қолайлы қоршаған ортаға құқығы бар.
2. Әрбір адамның, қазіргі және болашақ ұрпақтың қолайлы қоршаған ортада өмір сүру құқығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекет жұртшылықтың мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уақтылы, толық және анық экологиялық ақпаратқа қол жеткізуге;
2) мемлекеттік органдардың және лауазымды адамдардың қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдау процесіне осы Кодексте белгіленген тәртіппен қатысуға;
3) "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілердің жобаларын талқылауға қатысуға және өз ескертпелерін әзірлеушілердің қарауына енгізуге;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және өз құзыретіне сәйкес өзге де мемлекеттік органдарға, лауазымды адамдарға экологиялық залал келтірудің, Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзудың кез келген болжамды фактілері немесе осындай салдарлардың туындау қатерін туғызатын өзге де мән-жайлар туралы өтінішпен жүгінуге, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өтініштерін қарау нәтижелері және Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленген тәртіппен қабылданған шешімдер туралы жауаптарын алуға;
5) мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, лауазымды адамдардың және мемлекеттік қызметшілердің қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша, оның ішінде келтірілген экологиялық залалды жоюға және Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзушылықтың жолын кесуге байланысты әрекеттері (әрекетсіздігі) мен шешімдерінің заңдылығына дау айту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге;
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
6) тармақшаға өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 02.10.2023 № 31-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
6) үшінші тұлғалардың Қазақстан Республикасының экология заңнамасының талаптарын бұзуы салдарынан зиян келтірілген мүліктік немесе мүліктік емес игіліктер мен құқықтарды қорғау үшін Қазақстан Республикасының азаматтық және азаматтық процестік заңнамасына сәйкес сотқа жүгінуге арналған құқықтарын таниды және оған кепілдік береді.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
7) тармақшамен толықтыру көзделген – ҚР 02.10.2023 № 31-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Осы Кодексте жұртшылық деп бір немесе біреуден көп жеке немесе заңды тұлға, коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ қауымдастықтар, одақтар немесе өзге де бірлестіктер түсініледі.
4. Табиғатты сақтау және оның ресурстарына ұқыпты қарау барлық жеке және заңды тұлғаның борышы мен міндеті болып табылады.
Жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасы экология заңнамасының талаптарын сақтауға міндетті, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау жөніндегі шараларға жәрдемдесуге тиіс.
5. Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өз есебінен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, оның ішінде қоршаған ортаның ластануын, табиғи ортаның тозуын, кез келген нысанда экологиялық залал келтірілуін және адамның өміріне және (немесе) денсаулығына өздерінің қызметін жүзеге асыру нәтижесінде туындауы мүмкін осыған байланысты қатерлерді болғызбау жөніндегі қажетті шараларды қамтамасыз етеді, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзге де міндеттерді атқарады.
6. Жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өзге де құқықтары бар және өзге де міндеттерді атқарады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы