13-бап. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi Қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы Заңы
1. Сақтандырушы:
1) объект иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу кезiнде сақтанушыдан (сақтандырылушыдан) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде көзделген мәлiметтерден басқа, осы Заңға сәйкес объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартын жасасу үшiн қажеттi мәлiметтердi, соның iшiнде объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi және ерiктi сақтандырудың бұрынғы шарттары, сақтандыру жағдайлары және сақтандыру төлемдерi туралы ақпаратты беруiн талап етуге;
2) сақтандыру тәуекелiн бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыны тартуға;
3) тиiстi мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан, олардың құзыретiн негiздей отырып, сақтандыру жағдайының басталу фактiсiн және үшiншi тұлғаларға келтiрiлген зиянның мөлшерiн растайтын құжаттарды сұратуға;
4) үшiншi тұлғалардың зақымданған мүлкiн және бүлiну аймағын қарап тексеруге қатысуға және қарап тексеру актiлерiне қол қоюға;
5) қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiдегi сақтандыру тәуекелiн (сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығы немесе ол басталған кезде болуы мүмкiн зиян мөлшерi) ұлғайтуға әкеп соғуы мүмкiн мән-жайлар өзгерген жағдайда объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартының талаптарын өзгертуiн талап етуге;
6) келтiрiлген зиянды өтеуге байланысты қатынастарда сақтанушының (сақтандырылушының) атынан және оның тапсырмасы бойынша өкiлдiк етуге;
7) сақтанушының (сақтандырылушының) тапсырмасы бойынша пайда алушылар ұсынатын талап-арыздарға қатысты оның атынан сотта iс жүргiзудi өзiне қабылдауға құқылы. Алайда, сақтандырушының бұл iс-әрекеттерi оның сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру жөнiндегi өз міндетін мойындауы деп бағалануға тиiс емес;
8) зиян келтiрiлгенi үшiн жауапты тұлғаға керi талап қоюға құқылы.
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн басқа да құқықтары көзделуi мүмкiн.
2. Сақтандырушы:
1) сақтанушыны (сақтандырылушыны) объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру талаптарымен, оның ішінде объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартынан туындайтын тараптардың құқықтарымен және мiндеттерімен таныстыруға;
2) сақтанушыға (сақтандырылушыға) сақтандыру полисiн ресімдеуге;
2-1) объектілер иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырып қорғаудың қолданысы кезеңінде басталған сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) туралы хабардар етілген кезінде оны қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісіне сәйкес дереу тіркеуге және осы сақтандыру жағдайы (сақтандыру жағдайы ретінде қаралатын оқиға) жөніндегі мәліметті дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ұсынуға;
3) сақтандыру жағдайы басталған кезде осы Заңда көзделген тәртiппен және жағдайда сақтандыру төлемiн жүргізуге;
3-1) сақтандыру жағдайының басталу фактісін және сақтандырушы өтеуге тиісті зиянның мөлшерін растайтын құжаттар жеткіліксіз болған кезде оларды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жетіспейтін және (немесе) дұрыс ресімделмеген құжаттардың толық тізбесін көрсете отырып, бұл туралы өтініш берушіге хабарлауға;
4) сақтандыру төлемiн төлеуден бас тарту туралы шешiм қабылданған жағдайда сақтанушыға (пайда алушыға) бас тарту себептерінің уәжді негіздемесін және сақтанушының (сақтандырылушының, пайда алушының) Қазақстан Республикасы заңнамасының ерекшеліктерін ескере отырып, келіспеушіліктерді реттеу үшін сақтандыру омбудсманына жүгіну құқығы туралы хабарламаны жазбаша нысанда жiберуге;
5) сақтандыру құпиясын қамтамасыз етуге;
6) сақтанушыдан (үшінші тұлғадан, пайда алушыдан) өтінішті алған кезде бес жұмыс күні ішінде сақтанушының (үшінші тұлғаның, пайда алушының) талаптарын қарауға және дауды одан әрі реттеу тәртібін көрсете отырып, жазбаша жауап беруге;
7) сақтанушыдан (үшінші тұлғадан, пайда алушыдан) сақтандыру омбудсманына жіберілетін өтінішті алған кезде осы өтінішті, сондай-ақ оған қоса берілетін құжаттарды сақтандыру омбудсманына алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде қайта жіберуге міндетті.
Объектiлер иелерiнiң жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн басқа да мiндеттерi көзделуi мүмкiн.
Ескерту. 13-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 7 шілдедегі N 580 Заңы.
Осы Заң қызметi үшiншi тұлғаларға зиян келтiру қаупiмен байланысты объектiлер иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру саласында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейдi және оны жүргiзудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы