13-бап. Жекелеген өнiм түрлерiн (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалау ерекшелiктерi Жарнама туралы Заңы
1. Мыналарды:
1) этил спиртін және алкоголь өнімін, алкогольді сусындарды имитациялайтын өнімді;
2) ана сүтін алмастырушыларды;
3) сәйкестікті растаудан өтпеген, сәйкестігі міндетті түрде расталуға жататын тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді);
4) темекі мен темекі бұйымдарын, оның ішінде шегілмейтін темекі бұйымдарын, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды, темекі бұйымдарын имитациялайтын өнімдерді;
5) алкоголь өніміне, темекі және темекі бұйымдарына, оның ішінде шегілмейтін темекі бұйымдарына, қыздырылатын темекісі бар бұйымдарға, қорқорға арналған темекіге, қорқор қоспасына, темекіні қыздыруға арналған жүйелерге, электрондық тұтыну жүйелеріне (вейптерге) және оларға арналған сұйықтықтарға сұраныс пен қызығушылықты ынталандыруға бағытталған әртүрлі іс-шаралар өткізу, соның ішінде жүлделі ұтыс ойындарын, лотереяларды ойнату нысанында;
5-1) теле- және бейнефильмдерді қоса алғанда, балаларға арналған аудиокөрінім туындыларда, театр-ойын-сауық көрсетілімдерде, радио- , теле- , бейне- және кинохроникалық бағдарламаларда темекі бұйымдарын және темекі тұтыну процесін көрсету, сондай-ақ темекі бұйымдарын және темекі тұтыну процесін көрсету жүзеге асырылатын көрсетілген туындыларды, көрсетілімдері, бағдарламаларды көпшілік алдында орындау, эфирге, кабель арқылы хабарлау және кез келген басқа да пайдалану нысанында;
5-2) егер мұндай әрекет көркем ойдың ажырамас бөлігі болып табылатын жағдайларды қоспағанда, теле- және бейнефильмдерді қоса алғанда, ересектерге арналған аудиокөрінім туындыларда, театр-ойын-сауық көріністерінде, радио- , теле- , бейне- және кинохроникалық бағдарламаларда темекі бұйымдарын және темекі тұтыну процесін көрсету, сондай-ақ темекі бұйымдарын және темекі тұтыну процесін көрсету жүзеге асырылатын көрсетілген туындыларды, көрсетілімдерді, бағдарламаларды көпшілік алдында орындау, эфирге, кабель арқылы хабарлау және кез келген басқа да пайдалану нысанында;
6) қаржылық (инвестициялық) пирамиданың қызметін жарнамалауға тыйым салынады.
1-1. Осы Заңның 14-2-бабының талаптарына сәйкес келетін, Қазақстан Республикасының аумағында өндірілген шараптың тауар белгісін және (немесе) атауын жарнамалауды қоспағанда, алкоголь өнімін, алкогольді сусындарды имитациялайтын өнімді, темекі және темекі бұйымын, оның ішінде шегілмейтін темекі бұйымдарын, электрондық тұтыну жүйелерін (вейптерді) және оларға арналған сұйықтықтарды тікелей немесе жанама ұсынатын, алкоголь өнімінің, алкогольді сусындарды имитациялайтын өнімнің, темекі және темекі бұйымының, оның ішінде шегілмейтін темекі бұйымдарының, қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, қорқорға арналған темекінің, қорқор қоспасының, темекі қыздыруға арналған жүйелердің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің) және оларға арналған сұйықтықтардың атауы ретінде белгілі болған тауар белгісінің элементтерін және (немесе) атауын пайдалана отырып, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жарнамалауға тыйым салынады.
1-2. Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелмеген ұйымдардың өнімдердің сәйкестігін міндетті растау жөнінде қызметтер көрсетуді және (немесе) сәйкестігін растау саласындағы делдалдық қызметтер көрсетуді жарнамалауына тыйым салынады.
1-3. Лотерея операторы және (немесе) лотерея операторымен жасалатын тапсырма шарты шеңберінде лотерея таратушылар (агенттері) орналастыратын жарнаманы қоспағанда, лотереяны жарнамалауға тыйым салынады.
1-4. Букмекерлік кеңселерді және (немесе) тотализаторларды:
1) букмекерлік кеңсе және (немесе) тотализатор орналасқан жерде, спорт құрылысжайларының ішінде және спортшылардың керек-жарақтарында орналасқан жарнаманы қоспағанда, сыртқы (көрнекі);
2) көлік құралдарында;
3) масс-медиа саласындағы уәкілетті органда тіркелген бұқаралық ақпарат құралдарында спорт тақырыбы бағытындағы, сондай-ақ отандық телеарналардың халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляциялау кезіндегі жарнаманы қоспағанда, масс-медиада, кино-, бейне- және анықтамалық қызметтер көрсетуде жарнамалауға тыйым салынады.
1-5. Букмекерлік кеңселердің және (немесе) тотализаторлардың жарнамасында букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың тек атауы, тауар белгісінің элементтері, орналасқан жері, интернет-ресурсы (ол болған кезде), букмекерлік кеңсе және (немесе) тотализатор қызметімен айналысуға арналған лицензияның берілген күні, қолданылу мерзімі мен нөмірі қамтылуы мүмкін.
2. Алынып тасталды.
3. Медициналық көрсетілетін қызметтерді, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың әдістері мен құралдарын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, мемлекеттік тіркеуге жататын, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудың және қадағалаудың бақылауындағы өнімді (тауарларды) жарнамалаудың ерекшеліктері Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасымен реттеледі.
4. Алынып тасталды - ҚР 2009.07.16 № 186-IV Заңымен.
5. Қызметтiк және азаматтық қаруды, сондай-ақ экспорты мен импорты Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiлетiн қару-жарақты, әскери техниканы және қосарлы мақсаттағы өнiмдердi жарнамалауға арнаулы басылымдарда ғана, сондай-ақ мамандандырылған көрмелерде немесе сату жәрмеңкелерiнде жол берiледi. Аталған жарнама әскери және арнаулы қаруды, қару-жарақты, әскери техниканы жасау технологиясын, қолдану тәсiлдерiн тiкелей немесе жанама түрде ашып көрсетпеуге тиiс.
5-1. Темекі бұйымдарын және темекіні тұтыну процесін көрсету жүзеге асырылатын теле- және бейнефильмдерді қоса алғанда, аудиокөрінім туындыларды, теле- , бейне- және кинохроникалық бағдарламаларды көрсету кезінде хабар таратушы немесе көрсетуді ұйымдастырушы осындай туындыны, бағдарламаны тікелей көрсету алдында немесе көрсету кезінде темекі тұтынудың зияны туралы сүйемелдеуші мәтіндік хабарламамен қамтамасыз етуге тиіс.
6. Тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) бекітілген жобалау құжаттамасындағы сыныптамасына сәйкес келмейтін салынып жатқан немесе пайдалануға берілген тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) жарнамасына тыйым салынады.
Ескерту. 13-бап жаңа редакцияда - ҚР 2006.07.07 № 171 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2007.06.19 № 264, 2009.07.16 № 186-IV; 17.01.2014 N 166-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.06.2014 № 210-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.03.2016 № 479-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.04.2016 № 504-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.12.2018 № 211-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.01.2019 № 215-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін үш ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.03.2019 № 237-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 10.06.2020 № 343-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 394-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2024 № 74-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы N 508 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының аумағында жарнама жасау, тарату, орналастыру және пайдалану процесiнде туындайтын қатынастарды реттейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы