14-1-бап. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру тәртібі Ветеринария туралы Заңы
1. Уәкілетті органның лауазымды адамдары жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын сақтау тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау:
1) жануарлар өсіруді, жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты дайындауды (союды), сақтауды, қайта өңдеуді және өткізуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде, сондай-ақ ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарда;
1-1) ішкі сауда объектілерінде;
2) ветеринария саласындағы кәсіпкерлік, оның ішінде лицензияланатын қызметті жүзеге асыратын тұлғаларда;
3) мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарда;
4) ветеринариялық бақылау бекеттерінде;
5) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру), тиеу, түсіру кезінде;
6) жануарлар ауруларының қоздырушыларын тарататын факторлар болуы мүмкін көлік құралдарының барлық түрлерінде, ыдыстың, буып-түю материалдарының барлық түрлері бойынша;
7) тасымалдау (орнын ауыстыру) маршруттары өтетін, мал айдалатын жолдарда, маршруттарда, мал жайылымдары мен суаттардың аумақтарында;
8) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді өсіретін, сақтайтын, қайта өңдейтін, өткізетін немесе пайдаланатын, сондай-ақ ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың аумақтарында, өндірістік үй-жайларында және қызметіне;
8-1) мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), күтіп-ұстауға, көбейтуге, пайдалануға, өндіруге, дайындауға (союға), сақтауға, қайта өңдеуге және өткізуге байланысты мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау объектілерін орналастыру, салу, реконструкциялау және пайдалануға беру кезінде, сондай-ақ орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді тасымалдау (орнын ауыстыру) кезінде зоогигиеналық және ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптардың сақталуына;
9) жергілікті атқарушы органдардың және олардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелерінің функцияларын орындауына жүзеге асырылады.
2. Алып тасталды - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
3. Осы баптың 5-тармағында көрсетілген объектілерді қоспағанда, осы баптың 1-тармағында көрсетілген объектілерде мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалауды тиісті аумақтардың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлары, мемлекеттік ветеринариялық дәрігерлері тергеп-тексеру, тексеру және профилактикалық бақылау нысанында, оның ішінде ветеринариялық ілеспе құжаттарды қарау арқылы жүзеге асырады.
3-1. Жануарлар ауруларының пайда болуы мен таралуының және олардың тамақтан улануының себептері мен жағдайларын анықтау және белгілеу үшін аумақ пен объектілерге зерттеп-қарауды жүргізу мақсатында бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу туралы шешімді уәкілетті орган ведомствосының облыстық (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумақтық бөлімшесінің басшысы:
1) жеке және заңды тұлғалар ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдардың бөлімшелеріне, жергілікті атқарушы органдар құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау органдарына жануарлар қырылған, бірнеше жануар бір мезгілде ауырған немесе олар әдеттен тыс мінез көрсеткен жағдайлар туралы хабарлаған;
2) эпизоотологиялық зерттеп-қарау жүргізілген;
3) жануарлардың жұқпалы ауруларының, оның ішінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктен әкетілген орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілердің партиясында анықталғаны туралы нотификациялар, хабарлар, хабарламалар келіп түскен;
4) орны ауыстырылатын (тасымалданатын) объектілерді әкетуге немесе әкелуге тыйым салулар мен шектеулерді, уақытша ветеринариялық-санитариялық шараларды бұзу фактілері анықталған кезде қабылдайды.
3-2. Тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің уәкілетті органы ведомствосының аумақтық бөлімшесінің басшысы қабылдайды.
Облыс аумағында орналасқан екі және одан да көп аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімді уәкілетті орган ведомствосының облыстық аумақтық бөлімшесінің басшысы қабылдайды.
Екі және одан да көп облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағын қамтитын тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда тергеп-тексеру жүргізу туралы шешімді тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің уәкілетті органы ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің басшылары қабылдайды.
4. Алып тасталды - ҚР 28.10.2019 № 268-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
5. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары және Еуразиялық экономикалық одақтың жануарлардың жұқпалы ауруларының өршуіне, таралуына жол бермеу, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының аумағын жануарлардың жұқпалы және экзотикалық ауруларының басқа мемлекеттерден әкелінуі мен таралуынан қорғау жөніндегі құқығын құрайтын актілер талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау осы Заңға сәйкес:
1) тірі жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты өткізетін сауда базарларында;
2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасын және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезде және (немесе) жеткізу орындарында, кедендік тазартуды аяқтау орындарында, сондай-ақ ветеринариялық бақылау бекеттерінде;
3) карантиндік аймақтарда және қолайсыз пункттерде, жануарлардың аса қауіпті аурулары бойынша ошақтарда күн сайын жүзеге асырылады.
5-1. Жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты бірыңғай технологиялық циклде өсіріп-өндіруді, дайындауды (мал союды), сақтауды, қайта өңдеуді жүзеге асыратын өндіріс объектілерінде Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуы тұрғысынан мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау олардың аумағында жануарлардың аса қауіпті аурулары пайда болған және (немесе) оны қолайсыз аймаққа жатқызған жағдайларды қоспағанда, жылына кемінде екі рет жүзеге асырылады.
6. Жергілікті атқарушы органдардың және олардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелерінің функцияларын орындауды мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау осы Заңда айқындалған тәртіппен жылына кемінде екі рет бару арқылы жүргізіледі.
7. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша тексеруші мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор тексеру актісін жасайды.
Ветеринариялық-санитариялық бақылау және қадағалау объектілерін мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылаудың және қадағалаудың нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, тексеруші мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор, мемлекеттік ветеринариялық дәрігер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын анықталған бұзушылықтарға қарай нұсқама жасайды, бақылау және қадағалау субъектісін әкімшілік жауаптылыққа тартпастан, оған бұзушылықтарды жою тәртібін міндетті түрде түсіндіре отырып, жануарлар мен адамның денсаулығына аса қауіпті жануарларды, жануарлардан алынған өнімдер мен шикізатты алып қою туралы қаулы шығарады.
7-1. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор:
1) ақпараттық жүйелерден;
2) ветеринариялық есепке алу мен есептіліктен;
3) басқа да мемлекеттердің уәкілетті органдарының нотификациялары мен хабарламаларынан;
4) ветеринария жүйесіне кіретін ұйымдардан келіп түсетін;
5) ашық дереккөздерден, бұқаралық ақпарат құралдарынан алынатын деректер мен ақпаратты талдау, салыстыру арқылы жүргізеді.
Бақылауға жататын өнімді әкелуге, әкетуге, орнын ауыстыруға, өндіруге, дайындауға, қайта өңдеуге, зарарсыздандыруға, сақтауға, тасымалдауға және өткізуге байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар, жергілікті атқарушы органдар және олардың ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асыратын бөлімшелері, мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар, ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау субъектілері (объектілері) болып табылады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылаудың мақсаттары бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және алдын алу, сондай-ақ бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше жою құқығын бақылау және қадағалау субъектілеріне беру және оларға әкімшілік жүктемені азайту болып табылады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылауды мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор ай сайын, есепті тоқсаннан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау субъектілерінің (объектілерінің) әрекеттерінде (әрекетсіздігінде) бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор ұсыным жасайды, ол бақылау және қадағалау субъектілеріне (объектілеріне) бұзушылықтар анықталған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жіберіледі. Ұсынымда анықталған бұзушылықтарды жою бойынша түсіндірмелер, орындау мерзімі көрсетіледі.
Ұсыным бақылау және қадағалау субъектісіне қол қойғызып беріледі немесе төменде санамаланған тәсілдердің бірімен:
1) қолма-қол – алғаны туралы белгі қою күнінен бастап;
2) поштамен – тапсырысты хатпен;
3) электрондық тәсілмен – сұрау салынған кезде хатта көрсетілген бақылау және қадағалау субъектісінің электрондық мекенжайына жөнелтілген күннен бастап жіберіледі және табыс етілді деп есептеледі.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұсыным табыс етілген күнінен кейінгі күннен бастап он жұмыс күні ішінде орындалуға тиіс.
Бақылау және қадағалау субъектісі ұсынымда көрсетілген бұзушылықтармен келіспеген жағдайда, ұсыным табыс етілген күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қарсылық жіберуге құқылы.
Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымды белгіленген мерзімдерде орындамау бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылауды тағайындауға негіз болып табылады.
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бармай профилактикалық бақылау нәтижелерін уәкілетті органның ведомствосы және оның аумақтық бөлімшелері есепке алуға тиіс.
8. Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда, мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор тексеру нәтижелері бойынша айқындалған бұзушылықтардың сипатына қарай нұсқама жасайды, әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарады.
9. Тексеру нәтижелері туралы акт Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жасалады.
10. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық бақылау мен қадағалау актісі тексеру нәтижелері туралы актілерді тіркеудің арнайы журналында тіркеледі, ол нөмірленген, тігілген және уәкілетті орган ведомствосы аумақтық бөлімшелерінің мөрімен бекемделген болуға тиіс.
11. Мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық қадағалау уәкілетті орган ведомствосының, уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің осы Заңға және Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жедел ден қою шараларын қолдануға бағытталған қызметі болып табылады.
Ескерту. 14-1-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.09.2014 № 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 10.11.2014 № 249-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен күнтізбелік тоқсан күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 24.05.2018 № 156-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.04.2019 № 243-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.10.2019 № 268-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі N 339 Заңы.
Осы Заң ветеринария саласындағы қызметті жүзеге асырудың құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негіздерін айқындайды және ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы