14-бап. Кәсіпкерлік субъектілерінің адалдық презумпциясы және мемлекет пен кәсіпкерлік субъектілерінің өзара жауапкершілігі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі
Ескерту. 14-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Мемлекет рұқсат беру арқылы лицензиаттың, екінші санаттағы рұқсат иесінің мемлекеттік реттеудің мақсаттарына сәйкес қауіпсіздіктің ең төмен деңгейін қамтамасыз ететінін растайды.
2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды адамдарының тарапынан кәсіпкерлік субъектілері заңды қызметінің жүзеге асырылуына кедергілер жасалмауға тиіс.
3. Кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу процесінде кәсіпкерлік субъектілері өз міндеттерін орындаған немесе өздеріне заң бойынша берілген құқықтарды іске асырған кезде олардың әрекеттерінің адалдығы көзделеді.
Кәсіпкерлік субъектісі, егер құқықтарын, заңды мүдделерін іске асыру және (немесе) міндеттерін орындау кезінде ол мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіліп берілген құзыреті шегінде берген ресми түсіндірмесін басшылыққа алса, оның ішінде, егер мұндай түсіндірме кейіннен кері қайтарылып алынса, қате деп танылса немесе мазмұны өзгермеген нақ сол бір нормативтік құқықтық актіге қатысты жаңа, мағынасы бойынша өзге түсіндірме берілсе, мұндайда да адал деп есептеледі.
Мемлекеттік органның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін актісін шығару салдарларынан, сондай-ақ осы органдардың лауазымды адамдарының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген залалдар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген тәртіппен өтелуге жатады.
4. Кәсіпкерлік субъектісі жол берген Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылық тексерулер жүргізу барысында сипатталуға тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзу фактісін куәландыратын дәлелдерді негіздеу және мән-жайларды ашу мемлекеттік органдарға жүктеледі.
Мемлекеттік орган қарап жатқан мән-жайлар туралы кәсіпкерлік субъектілері ұсынған нақты деректер сот немесе мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес керісінше деп белгілегенге дейін анық деп есептеледі.
Қазақстан Республикасы заңнамасының барлық белгісіздіктері кәсіпкерлік субъектісінің пайдасына түсіндіріледі.
5. Басқа кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсету немесе бұрыннан бар міндеттерін орындаудан немесе нақты жасалған құқық бұзушылықтар үшін заңды жауаптылықтан жалтару мақсатымен осы Кодекспен және өзге де нормативтік құқықтық актілермен берілген құқықтарды олардың мақсатына қайшы келетіндей етіп пайдалануға тыйым салынады.
6. Осы баптың мемлекеттік органдардың міндеттемелерін белгілейтін ережелері азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға қолданылады.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.04.2019 № 249-VI (01.08.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.03.2021 № 15-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік кодекс Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы