14-бап. Мемлекеттің газ және газбен жабдықтау саласындағы басым құқығы Газ және газбен жабдықтау туралы Заңы
1. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тауарлық газға ішкі қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында Қазақстан Республикасының басқа тұлғалардың алдында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің иеліктен шығарылатын объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері – заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін) сатып алуға басым құқығы (бұдан әрі – мемлекеттің басым құқығы) бар.
2. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес стратегиялық объектілерге жатқызылмаған объектілерге қатысты мемлекеттің басым құқығын іске асыру осы баптың 4-6-тармақтарында көзделген тәртіппен ұлттық оператор арқылы жүзеге асырылады.
4. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) иеліктен шығаруды жүргізу ниеті бар тұлға ұлттық операторға осындай иеліктен шығарудың бағасын және өзге де шарттарын көрсете отырып, коммерциялық ұсыныс жібереді.
5. Ұлттық оператор коммерциялық ұсыныс түскен күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттің басым құқығын іске асыру туралы немесе одан бас тарту туралы шешім қабылдайды және коммерциялық ұсыныс жіберген тұлғаны қабылданған шешім туралы жазбаша түрде хабардар етеді.
6. Егер ұлттық оператор мемлекеттің басым құқығынан жазбаша түрде бас тартқан не бір ай мерзімде оны іске асыру ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермеген жағдайда, онда осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектісін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісіне ортақ меншік құқығындағы үлесін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлға акцияларының пакетін (қатысу үлесін) өзге тұлғаларға иеліктен шығарып беруді жүзеге асыруға құқылы. Бұл ретте иеліктен шығару шартының осы баптың 4-тармағында көрсетілген тұлға үшін тиімділігі ол ұлттық операторға ұсынған шарттардан кем болмауға тиіс.
7. Осы баптың ережелері мынадай жағдайларға:
1) автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және өнеркәсіптік тұтынушылардың және өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлардың газ тұтыну жүйелерін иеліктен шығаруға;
2) бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында айналымға түсетін акцияларды иеліктен шығаруға;
3) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілеріне ортақ меншік құқығындағы үлестерін және (немесе) тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерінің меншік иелері-заңды тұлғалар акцияларының пакеттерін (қатысу үлестерін):
қатысу үлесінің (акциялар пакетінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесіне тиесілі болатын еншілес ұйымға;
әрқайсысында қатысу үлестерінің (акциялар пакеттерінің) кемінде тоқсан тоғыз пайызы тікелей немесе жанама түрде белгілі бір тұлғаға тиесілі болатын заңды тұлғалар арасында беруге;
4) егер осындай берудiң нәтижесiнде тұлға тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі – заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесiнiң (акциялар пакетiнiң) кемiнде 0,1 пайызына тiкелей немесе жанама түрде (үшiншi тұлғалар арқылы) билiк ету құқығын сатып алса, тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектісінің меншік иесі-заңды тұлғадағы акцияларды (қатысу үлестерiн) беруге қолданылмайды.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2019 № 297-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы