14-бап. Өнеркәсiптiк меншік объектiсiн пайдалануға құқықты табыстау Қазақстан Республикасының Патент Заңы
1. Патент иеленушi болып табылмайтын кез келген тұлға (лицензиат) қорғалатын өнеркәсiптiк меншiк объектiсiн патент иеленушiнiң (лицензиардың) рұқсатымен лицензиялық шарт, кешенді кәсіпкерлік лицензия шарты немесе лицензиармен жасалатын, лицензиялық шарттың талаптарын қамтитын өзге де шарт (лицензиялық шарт) негiзiнде пайдалануға құқылы.
2. Лицензиялық шартта лицензиардың лицензиатқа:
1) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн және басқа тұлғаларға лицензия (қарапайым, ерекше емес лицензия) беру құқығын сақтап;
2) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтап, бiрақ басқа тұлғаларға лицензия (жалғыз лицензия) беру құқығынсыз;
3) лицензиардың оны пайдалану мүмкiндiгiн сақтамай және басқа тұлғаларға лицензия (ерекше лицензия) беру құқығынсыз өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалану құқығын табыстау көзделуi мүмкiн.
Лицензиялық шартта пайдалану талаптары көрсетілмеген жағдайда, өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқық қарапайым, ерекше емес лицензия талаптарымен табысталады.
Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, лицензиат өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жүзеге асыруға құқылы.
Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі лицензиялық шартта айқындалады және тараптардың өзара келісуі бойынша ұзартылуы мүмкін.
Лицензиялық шартта мерзім көрсетілмеген жағдайда, өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықтың қолданылу мерзімі осы шарт тіркелген күннен бастап бес жылға тең болады.
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықтың қолданысын тоқтату лицензиялық шарттың қолданысын тоқтатуға алып келеді.
Лицензиат өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықты лицензиялық шарттың талаптарын ескере отырып, қосалқы лицензиялық шарттың немесе кешенді кәсіпкерлік қосалқы лицензия шартының негізінде басқа тұлғаға (қосалқы лицензиатқа) беруге құқылы. Егер лицензиялық шартта өзгеше көзделмесе, қосалқы лицензиаттың әрекеттерi үшiн лицензиат лицензиар алдында жауапты болады.
Өнеркәсіптік меншік объектісіне айрықша құқықты басқа тұлғаға беру лицензиялық шарттың тоқтатылуына алып келмейді.
3. Өнеркәсіптік меншік объектісін пайдалануға құқықты табыстау туралы шарттар мен қосымша келісімдер жазбаша нысанда жасалады және тиісті мемлекеттік тізілімде тіркелуге жатады.
Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда - ҚР 20.06.2018 № 161-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі N 427 Заңы.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы