14-бап. Сот ісін жүргізу тілі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің
1. Азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал заңда белгіленген жағдайларда басқа тілдер де қолданылады.
2. Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді. Сол бір азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады.
Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарыммен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы.
Егер істі бірінші сатыдағы сотта қарауға дайындау барысында талап қоюшының өз өкілі талап қою берген тілді білмейтіні анықталса, онда сот талап қоюшының жазбаша өтінішхаты бойынша сот ісін жүргізу тілін өзгерту туралы ұйғарым шығарады.
3. Іс бойынша іс жүргізілетін тілді білмейтін немесе жеткілікті түрде білмейтін іске қатысатын адамдарға ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктемелер және айғақтар беру, өтінішхаттар мәлімдеу, шағымдар беру, сот актілеріне дау айту, іс материалдарымен танысу, сотта сөз сөйлеу; осы Кодексте белгіленген тәртіппен аудармашының, есту қабілеті бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін ымдау тілі маманының көрсететін қызметтерін тегін пайдалану құқығы түсіндіріледі және қамтамасыз етіледі.
4. Сот азаматтық сот ісін жүргізуде сот ісін жүргізу тілін білмейтін адамдарға заң бойынша оларға қажетті іс материалдарының аудармасын тегін қамтамасыз етеді. Сот іске қатысатын адамдарға сотта сөйлейтіндердің басқа тілде сөйлейтін бөлігін сот ісін жүргізу тіліне аударуды тегін қамтамасыз етеді.
5. Іске қатысатын және сот ісін жүргізу тілін білмейтін, істегі құжаттарды беру туралы жазбаша түрде өтініш берген адамға сот құжаттары өзінің ана тіліне немесе ол білетін басқа тілге аударылып табыс етіледі.
6. Істі сот талқылауына дайындау аяқталғаннан кейін тараптар мен іске қатысатын басқа да адамдар ұсынатын, сот ісін жүргізу тілінде дайындалмаған құжаттарға сот ісін жүргізу тіліне аудармасы қоса берілуге тиіс.
Ескерту. 14-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы