14-бап. Сотталғандардың шағыным жасауы Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
1. Қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны орындайтын мекемелердің немесе органдардың жоғары тұрған басқару органдарына, сотқа,прокуратура органдарына, өзге де мемлекеттік органдарға, қоғамдық бірлестіктерге, сондай-ақ адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі халықаралық ұйымдарға жіберетін шағынымдары жазаны орындайтын мекемелердің немесе органдардың әкiмшiлiгi арқылы жiберiледi. Сотталғандар сотқа, прокуратура органдарына және өзге де мемлекеттік органдарға жіберетін шағынымдарды электрондық құжат түрінде бере алады. Әкімшіліктер мұндай шағынымдардың сотталғандарға қолжетімді жерлерде мекемелердің ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленген тәртіппен берілуін қамтамасыз ететін камералық ұстау жағдайларындағы мекемелерді қоспағанда, мекемелердің әкімшіліктері мұндай шағынымдардың бас бостандығынан айыруға сотталғандардың тікелей тұратын орындарында берілуін қамтамасыз етеді. Өзге жаза түрлерiне және қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларына сотталғандар шағынымдарын өздерi жiбередi.
2. Жазаны орындайтын мекемелер мен органдарда олардың лауазымды адамдарының құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне сотталғандардың шағынымдар беруіне арналған арнайы пошта жәшіктерінің жұмыс істеуі қамтамасыз етіледі. Пошта жәшіктеріне салынған шағынымдарды прокурор жазаны орындайтын мекеме немесе орган әкімшілігі өкілдерінің қатысуымен аптасына бір реттік кезеңділікпен алып отырады, бұл жөнінде акт жасалады. Арнайы пошта жәшіктері жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың аумағында және үй-жайларында сотталғандарға қолжетімді жерлерде орнатылады.
3. Қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазаны орындайтын мекемелер мен органдардың қызметiн бақылауды және қадағалауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жіберетін шағынымдары бақылануға жатпайды және бiр тәулiктен кешiктiрiлмей адресатқа жiберiледi.
4. Бас бостандығынан айыруға немесе қамаққа алуға сотталған адамның адвокатпен хат жазысуы бақылауға жатпайды.
5. Қамаққа алуға, бас бостандығынан айыруға сотталғандар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары арқылы азаптаудың және басқа да қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылғаны туралы өтініш жібере алады.
6. Сотталған адамның атынан шағынымды оның келісімінсіз кез келген адам ұсына алмайды.
7. Сотталғандардың жазаларды орындайтын мекемелер мен органдар әкімшілігінің шешімдеріне немесе әрекеттеріне байланысты шағынымдары, заңда көзделген жағдайлардан басқа кезде, олардың орындалуын тоқтата тұрмайды.
8. Шағым берген сотталған адам шағым бойынша қабылданған шешім туралы хабардар етілуге тиіс. Шағымды қанағаттандырудан бас тарту уәжді болуға тиіс.
9. Шағым берген сотталған адамға зиян келтіру үшін шағымды пайдалануға жол берілмейді.
Ескерту. 14-бапқа өзгерістер енгізілді – ҚР ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-атқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы