15-1-бап. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуды шектеу Ойын бизнесі туралы Заңы
1. Жиырма бір жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы уәкілетті органға өзін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдардың тізіміне енгізу туралы өтініш беру арқылы өзінің алты айдан он жылға дейінгі мерзімге құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын өз бетінше шектей алады.
Өтініште тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу мерзімі, жеке немесе электрондық-цифрлық қолтаңба қамтылуға тиіс. Берілген өтініш қайтарылуға немесе кері қайтарып алуға жатпайды.
2. Жақын туыстары, отбасы мүшелері азаматтың әрекет қабілетін шектеу туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде уәкілетті органға мұндай адамды құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізу туралы өтінішпен жүгінуге құқылы.
3. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізу туралы өтініш беру, сондай-ақ тізімді жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар туралы ақпарат құпия болып табылады.
Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар туралы ақпаратқа қол жеткізе алатын тұлғалар өтініш берушінің немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз не өзге де заңды негіз болмаса, оны таратуға жол бермеу талабын сақтау арқылы оның құпиялылығын қамтамасыз етеді.
Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар туралы мәліметтер кәсіптік, қызметтік қажеттілікке, сондай-ақ еңбек қатынастарына байланысты белгілі болған адамдар оның құпиялылығын қамтамасыз етуге міндетті.
Кәсіптік, қызметтік қажеттілікке қарай, сондай-ақ еңбек қатынастарына байланысты құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне қол жеткізу құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға уәкілетті органның атына жекелеген сұрау салулар бойынша және құпиялылықты қамтамасыз ету мен Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де талаптарды сақтау шартымен қамтамасыз етілуі мүмкін.
4. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының азаматы шектеуді жаңа мерзімге ұзарту туралы өтініш бере алады.
5. Уәкілетті орган құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын өзін-өзі шектеу мерзімі аяқталған күннен кейін құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізілген адамдарды тізімнен алып тастайды.
Осы баптың 2-тармағына сәйкес құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміне енгізілген адамды уәкілетті орган азаматтың әрекет қабілетін шектеудің күшін жою туралы заңды күшіне енген сот шешімі негізінде тізімнен алып тастайды.
6. Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміндегі адамдармен құмар ойындарды және (немесе) бәс тігуді ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады.
Бәс тігуге қатысушы мен букмекерлік кеңсе немесе тотализатор арасында, ұтыс төлеуді қоса алғанда, қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз төлемдерді, оның ішінде электрондық ақшаны пайдалана отырып, бірыңғай есепке алу жүйесінің қатысуынсыз қабылдауға (жүзеге асыруға) тыйым салынады.
Бірыңғай есепке алу жүйесі құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген адамдар тізіміндегі адамнан (оның пайдасына) қолма-қол ақшамен және қолма-қол ақшасыз төлемдерді, оның ішінде электрондық ақшаны пайдалана отырып қабылдаудан (жүзеге асырудан) бас тартуға міндетті.
7. Ойын бизнесін ұйымдастырушылар осы Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуына тыйым салу белгіленген жеке тұлғаларға құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуға рұқсат етуден бас тартады.
Ескерту. Заң 15-1-баппен толықтырылды – ҚР 02.07.2020 № 356-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен; өзгеріс ензілді – ҚР 08.07.2024 № 116-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 219 Заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы