15-бап. Туристік қызметті жүзеге асырудың жалпы шарттары Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы Заңы
1. Шығу туризмі саласындағы туроператор шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызметті жүзеге асыру кезінде шетелге шығатын әрбір туриске қатысты туристі міндетті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
2. "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
шығу туризмі саласындағы туроператорлық қызмет лицензияланатын қызметтің кіші түрі болып табылады;
келу туризмі мен ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызмет лицензияланатын қызметтің кіші түрі болып табылады;
турагенттік қызмет, сондай-ақ Қазақстан Республикасында дара кәсіпкерлер ретінде қызметін жүзеге асыратын гидтердің, экскурсоводтардың және туризм нұсқаушыларының қызметі хабарлама жасау тәртібімен жүзеге асырылады.
Туроператорлық қызметке арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру немесе тоқтату, бұрын жасалған шарттардан туындайтын міндеттемелерді қоспағанда, туристік қызметтер көрсетуге тыйым салуға алып келеді.
Туроператорлық қызметке арналған лицензияның қолданысын тоқтата тұру, туроператорлық қызметке арналған лицензияның қолданысын тоқтату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
Туроператор туристерге туристік өнімге кіретін барлық көрсетілетін қызметтерді дербес өзі немесе туроператор туристер алдындағы өз міндеттемелерінің бір бөлігін немесе барлығын орындауды жүктейтін үшінші тұлғаларды тарта отырып көрсетуді қамтамасыз етеді.
Шығу туризмі саласындағы туроператор туристік өнімді ұсынуды және өткізуді тек қана турагенттер арқылы жүзеге асырады. Турагент шығу туризмі саласындағы туроператор қалыптастырған туристік өнімді өткізу кезінде туристік ваучер беруге міндетті.
Қазақстан Республикасының бейрезиденті қалыптастырған туристік өнім шығу туризмі саласындағы туроператордың туристік өніміне енгізу арқылы ұсынылады және осы Заңға сәйкес өткізіледі.
3. Турагент туроператор қалыптастырған туристік өнімді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес туристерге ұсынады және өткізеді.
Турагенттің туристік өнімді ұсынуы және өткізуі туроператормен жазбаша нысанда жасалған туристік өнімді өткізуге арналған агенттік шарт негізінде жүзеге асырылады.
Туроператор мен турагент арасындағы туристік өнімді өткізуге арналған агенттік шартта мыналар қамтылуға тиіс:
туристік өнімді қалыптастырған туроператор туралы мәліметтер;
турагенттің туроператор атынан туристермен мәмілелер жасауға өкілеттіктері;
турист не туристік өнімге кіретін жекелеген туристік қызметтерді көрсететін үшінші тұлғалар талап қойған жағдайдағы туроператор мен турагенттің өзара іс-қимыл тәртібі;
туристік маршруттың сипаттамасы;
туристік өнім туралы анық ақпарат және туристік өнім туралы ақпарат бермегені немесе анық емес ақпарат бергені үшін тараптардың әрқайсысының турист алдындағы жауаптылығы.
Туроператор туристік қызмет көрсетуге арналған шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін (оның ішінде осы қызметтерді кімнің көрсетуге тиіс болғанына немесе кімнің көрсеткеніне қарамастан, туристерге туристік өнімге кіретін қызметтерді көрсетпегені немесе тиісінше көрсетпегені үшін) туристің алдында Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
4. Діни қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған туроператорлық қызмет уәкілетті органмен келісу бойынша діни қызмет саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 30.04.2021 № 34-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 маусымдағы N 211 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасы экономикасы салаларының бiрi ретiнде туристiк қызметтiң құқықтық, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық негiздерiн белгiлейдi.
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы