159-бап. Экологиялық мониторинг Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Экологиялық мониторинг мемлекет қамтамасыз ететін қоршаған ортаның сапасына қатысты алынған деректерді байқаудың, өлшеудің, жинаудың, жинақтаудың, сақтаудың, есепке алудың, жүйелеудің, жинақтап-қорытудың, өңдеудің және талдаудың, сондай-ақ солардың негізінде экологиялық ақпаратты дайындаудың кешенді жүйесін білдіреді.
2. Экологиялық мониторинг:
1) қоршаған ортаның сапасын бағалау;
2) қоршаған ортаға әсер етудің антропогендік және табиғи факторларын айқындау мен талдау;
3) антропогендік және табиғи факторлардың әсер етуінен қоршаған орта жай-күйінің өзгерістерін болжау және бақылау;
4) мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар қоршаған ортаны қорғауға, экологиялық қауіпсіздікті және орнықты дамудың экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаруашылық және басқарушылық шешімдер қабылдаған кезде оларды ақпараттық қамтамасыз ету;
5) барлық жеке және заңды тұлғаның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету мақсаттарында жүйелі негізде жүзеге асырылады.
3. Экологиялық мониторинг объектілері мыналар болып табылады:
1) осы Кодекстің 166-бабы 6-тармағының 2) – 8) тармақшаларында көрсетілген объектілер;
2) жерасты суларының сапасы;
3) I және II санаттағы объектілердің қоршаған ортаға әсер етуі;
4) экологиялық жүйелердің және олар ұсынатын экожүйелік көрсетілетін қызметтердің жай-күйі;
5) табиғи процестердің табиғи ағымын және қоршаған ортаның жай-күйі өзгерістерінің ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелеріне ықпалын қоса алғанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
6) климат өзгеруінің әсер етуі;
7) қалдықтар және оларды басқару.
4. Экологиялық мониторинг:
1) осы Кодекске сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және (немесе) арнайы уәкілеттік берілген ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалған өз құзыреттері шеңберінде арнайы уәкілетті мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік органдар мен ұйымдар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика саласындағы заңнамасына сәйкес жүргізілетін ресми статистикалық ақпаратқа;
4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның сұрау салуы бойынша немесе Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесі шеңберінде мемлекеттік органдар беретін, сондай-ақ мемлекеттік органдар ашық қолжетімділікте орналастыратын ақпаратқа;
5) міндетті өндірістік экологиялық бақылау шеңберінде жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын байқаулар мен өлшеулерге;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік және мемлекеттік емес заңды тұлғалардан алатын өзге де ақпаратқа негізделеді.
5. Осы Кодекске сәйкес өндірістік экологиялық бақылауды жүзеге асыруға міндетті тұлғалар тиісті деректерді жинауды, жинақтауды, сақтауды, есепке алуды, өңдеуді және экологиялық мониторинг мақсаттары үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға өтеусіз беруді қамтамасыз етеді.
6. Экологиялық мониторинг шеңберінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес Қазақстан Республикасының экологиялық ақпарат беру жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында деректерді жинау мен дайындауды да жүзеге асырады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы