16-бап. Қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның құзыреті Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
1. Қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган:
1) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне бару қағидаларын;
1-1) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша пробация қолданылатын адамдарға қатысты әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын;
1-2) пробация қызметі пайдаланатын электрондық бақылау құралдарының тізбесін;
1-3) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзет құралдарының тізбесін;
2) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдардың мінез-құлқына бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру жөніндегі қызметті ұйымдастыру және жете тексеру мен тінту жүргізу қағидаларын;
3) пробация қызметінің жұмысын ұйымдастыру қағидаларын;
4) сотталғандарды жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріне жіберу қағидаларын;
5) бас бостандығынан айыруға сотталғандардың жазасын өтеу кезеңінде орнын ауыстыру қағидаларын;
6) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің инженерлік-техникалық қадағалау, бақылау және күзет құралдарын пайдалану қағидаларын;
7) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидаларын;
8) білім беру саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша – бас бостандығынан айыруға сотталғандардың бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім алуын ұйымдастыру қағидаларын;
9) бас бостандығынан айыруға сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргізу қағидаларын;
10) бас бостандығынан айыруға сотталғандардың діни жораларды орындауы үшін жағдайлар жасау жөніндегі нұсқаулықты;
11) алып тасталды – ҚР 30.12.2021 № 95-VII Заңымен (мынадай:
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
12) денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша - қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауды ұйымдастыру қағидаларын;
Ескерту. 12) тармақшаға өзгеріс енгізілді – ҚР 30.12.2021 № 95-VII Заңымен (мынадай:
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты – 2022 жылғы 1 шілдеден бастап;
қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі).
13) қылмыстық-атқару жүйесінің сотталған әйелдер, кәмелетке толмағандар жазасын өтеуге арналған органдары мен мекемелерінің және толық қауіпсіз режиміндегі мекемелердің күзетін жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықты;
14) қамаққа алу түріндегі жазаны орындауды жүзеге асыратын арнаулы мекемелердің қызметі мен ішкі тәртіптемесін ұйымдастыру қағидаларын;
15) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жанындағы қамқоршылық кеңес туралы ережені;
16) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіптеме қағидаларын;
17) қылмыстық жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық жазаларын өтеген адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру бойынша жергілікті атқарушы органдардың жанындағы консультациялық-кеңесші орган туралы үлгі ережені;
18) халықты әлеуметтік қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша – мүгедектігі бар, мекемелерде жазасын өтеп жүрген және күзетпен қамауда отырған сотталғандарға техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын ұсыну қағидаларын;
19) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сотталған адамдармен теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды;
20) қамаққа алу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеуден босатылатын адамдардың өздері таңдаған тұрғылықты жеріне немесе жұмыс орнына бару жолында тегін жол жүрумен, сондай-ақ тамақ өнімдерімен немесе ақшамен қамтамасыз ету қағидаларын бекітеді.
2. Қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган осы Кодексте, өзге де заңдарда, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
Ескерту. 16-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 29.09.2014 № 239-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.12.2015 № 433-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 24.11.2021 № 75-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2021 № 95-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-атқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы