18-бап. Өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы Заңы
1. Өтініш берушіні орналасқан жері бойынша тексеру өтініш берушінің біліктілігін, құжаттарда ұсынылған ақпараттардың нақты жағдайға сәйкестігін бағалау мақсатында жүргізіледі.
2. Тексеруді аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитор немесе аккредиттеу жөніндегі орган жасақтайтын тексеру жөніндегі топ жүзеге асырады.
3. Тексеру жөніндегі топ кемінде екі адамнан құралуы керек, топ жетекшісі болып құжаттарға сараптама жүргізген аккредиттеу жөніндегі сарапшы-аудитор тағайындалады.
4. Тексеру жөніндегі топтың құрамына келісім бойынша:
сәйкестікті растау жөніндегі сарапшылар-аудиторлар, техникалық сарапшылар, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың мәлімдеген аккредиттеу саласы бойынша мамандары енгізілуі мүмкін.
5. Тексеру мерзiмi өтініш берушінің тұрған жеріне немесе өтініш берушінің өзі тұрған жерден тыс жердегі құрылымдық бөлімшесі орналасқан жерге тексеру жөніндегі топ келген кезден бастап есептелетiн он жұмыс күнiнен аспауға тиiс. Құрылымдық бөлімшелері бар өтініш берушіні тексерудің жалпы мерзімі отыз жұмыс күнінен аспауға тиіс.
6. Тексеру жөніндегі топ өз жұмысының қорытындысы бойынша есеп дайындайды, онда өтініш берушінің аккредиттеу критерийлеріне сәйкестік бағасы қамтылуы керек.
7. Топ мүшелерінің барлық ескертпелерін есепке ала отырып топ жетекшісі екі данада есеп жасайды және оған топтың барлық мүшелері қол қояды. Есептің бір данасы өтініш берушіге ұсынылады.
8. Өтініш беруші тексеру жөніндегі топтың есебімен келіспеген жағдайда өзінің ескертпелерін аккредиттеу жөніндегі органға үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы ұсына алады және тиісінше акредиттеу жөніндегі орган почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
9. Тексеру жөніндегі топ есебінің негізінде және өтініш берушінің ескертпелерін ескере отырып (олар бар болған жағдайда), аккредиттеу жөніндегі орган бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мынадай:
1) аккредиттеу жөніндегі жиналған материалдарды қарау туралы;
2) өтініш берушінің анықталған сәйкессіздіктерді жоюы туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Қабылданған шешім туралы хабарлама шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жазбаша түрде почта арқылы немесе факсимильді байланыс арқылы өтініш берушіге жіберіледі және тиісінше өтініш беруші почта жөнелтілімін алғаны туралы хабарламаға белгі соққан күннен бастап немесе факсимильді хабар жіберілген күні алынған деп есептеледі.
10. Өтiнiш берушi осы баптың 9-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген хабарламаны алған кезден бастап жиырма жұмыс күнi iшiнде тексеру кезiнде анықталған сәйкессiздiктердi жояды және сәйкессiздiктердiң жойылғанын растайтын құжаттарды ұсына отырып, аккредиттеу жөнiндегi органға олардың жойылғаны туралы жазбаша түрде почта арқылы хабарлайды, содан кейiн аккредиттеу жөнiндегi орган қажет болған жағдайда оған қайта тексеру жүргiзедi. Өтiнiш берушiні немесе оның құрылымдық бөлімшесін қайта тексеру мерзiмi тексеру жөнiндегi топ өтiнiш берушiнiң тұрған жерiне келген күннен бастап есептелетiн бес жұмыс күнiнен аспауға тиiс.
11. Аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің себептерін көрсеткен жазбаша өтініші бойынша сәйкессіздіктерді жою мерзімін екі айдан аспайтын мерзімге ұзартады.
Ескерту. 18-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.10 № 31-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.10.2015 № 376-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 30.12.2020 № 397-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі N 61-IV Заңы.
Осы Заң сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу саласындағы қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ олармен байланысты қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы