186-бап. Өндірістік мониторингтің түрлері және оны жүргізуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Өндірістік мониторинг өндірістік экологиялық бақылаудың, сондай-ақ экологиялық тиімділікті арттыру бағдарламасының элементі болып табылады.
2. Өндірістік мониторингті жүзеге асыру шеңберінде операциялық мониторинг, қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі және әсер ету мониторингі орындалады.
3. Операциялық мониторинг (өндірістік процестің мониторингі) объект қызметінің көрсеткіштері оны тиісінше жобалық пайдалану және осы өндірістің технологиялық регламентінің шарттарын сақтау үшін орынды деп есептелетін диапазонда екенін растау үшін технологиялық процестің параметрлерін байқауды қамтиды. Операциялық мониторингтің мазмұнын объектінің операторы айқындайды.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі эмиссиялардың санын, сапасын және олардың өзгеруін байқау болып табылады.
I санаттағы объектілердегі қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингі қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін пайдалануды қамтуға тиіс.
Қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесі – эмиссиялардың негізгі стационарлық көздеріндегі қоршаған ортаға эмиссиялар көрсеткіштерін қадағалайтын, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекіткен өндірістік экологиялық бақылау жүргізу кезінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін жүргізу қағидаларына сәйкес нақты уақыт режимінде қоршаған ортаға эмиссиялар мониторингінің ақпараттық жүйесіне деректер беруді қамтамасыз ететін өндірістік экологиялық мониторингтің автоматтандырылған жүйесі.
Мониторингтің автоматтандырылған жүйесінің жұмыс істеуі, ол жүзеге асыратын өлшемдер, оларды өңдеу, беру, сақтау мен пайдалану Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы, өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы және ақпараттандыру туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келуге тиіс.
5. Әсер ету мониторингін жүргізу Қазақстан Республикасының экология заңнамасы мен қоршаған ортаның сапасы нормативтері талаптарының сақталуын қадағалау үшін қажет болған не кешенді экологиялық рұқсатта айқындалған жағдайларда ол өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына енгізіледі.
6. Әсер ету мониторингі мынадай:
1) қызмет сезімтал экожүйелерді және халық денсаулығының жай-күйін қозғайтын жағдайларда;
2) технологиялық объектілерді пайдалануға беру кезеңінде;
3) қоршаған ортаға авариялық эмиссиялардан кейін міндетті болып табылады.
7. Әсер ету мониторингін объектінің операторы жеке-дара, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша басқа объектілердің операторларымен бірлесіп жүзеге асыра алады.
8. Қоршаған ортаға эмиссиялардың өндірістік мониторингін және әсер ету мониторингін Қазақстан Республикасының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аккредиттелген зертханалар жүзеге асырады.
Өндірістік мониторингті жүзеге асыратын тұлға өндірістік мониторинг нәтижелері бойынша анық емес ақпарат бергені үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауаптылықта болады.
9. Өндірістік мониторингтің деректері Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесін жүргізу шеңберінде қоршаған ортаның жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы