19-бап. Денсаулық сақтау саласындағы рұқсаттар Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексі
1. Денсаулық сақтау саласындағы рұқсат беру құжаттары мыналар болып табылады:
1) эпидемиялық мәні жоғары объектінің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігі туралы санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды;
2) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат және оған қосымша;
3) өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік;
4) дәрілік затқа және медициналық бұйымға тіркеу куәлігі;
5) дәрілік затты, медициналық бұйымды интервенциялық клиникалық зерттеу жүргізуге рұқсат;
6) денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты.
2. Денсаулық сақтау саласындағы рұқсат беру құжаттарының қолданылу мерзімдері "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленеді.
3. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарын бұзушылықтарды жою туралы нұсқама орындалмаған жағдайда, рұқсат беру құжатын берген лауазымды адамдар осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен оның қолданысын тоқтата тұрады.
4. Рұқсат беру құжатының иесі денсаулық сақтау саласындағы рұқсат беру құжатының тоқтатыла тұру мерзімі өткенге дейін бұзушылықтарды жою туралы өтінішті ұсынбаған жағдайда, рұқсат беру құжатын берген лауазымды адамдар көрсетілген мерзім өткен кезден бастап он жұмыс күні ішінде рұқсат беру құжатынан сот тәртібімен айыруға (кері қайтарып алуға) бастамашылық жасайды.
5. Осы баптың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларын қоспағанда, рұқсат беру құжаттарын мынадай:
1) құжатта қателер (қате жазу) анықталған;
2) өтініш беруші - дара кәсіпкер қайта тіркелген, оның атауы немесе заңды мекенжайы өзгерген;
3) өтініш беруші - заңды тұлғаның, өнімді дайындаушының атауы және (немесе) тұрған жері өзгерген;
4) объектінің іс жүзінде орны ауыстырылмай тұрған жерінің мекенжайы өзгерген жағдайларда, қосымша немесе қайта зерттеулер (сынақтар) жүргізілместен қайта ресімдеуге жол беріледі.
Ескерту. 19-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 21.05.2022 № 123-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы