197-бап. Тергеу әрекеттерін жүргiзудiң жалпы қағидалары ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам заңда көзделген тергеу әрекеттеріне қатысуға адамдарды тарта отырып, олардың жеке басына көз жеткізеді, оларға құқықтары мен мiндеттерiн, сондай-ақ тергеу әрекетін жүргiзу тәртiбiн түсiндiредi.
2. Кейінге қалдырылмайтын жағдайларды қоспағанда, тергеу әрекетін түнгi уақытта жүргiзуге жол берiлмейдi.
3. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде ғылыми-техникалық құралдар қолданылуы және қылмыстық құқық бұзушылықтың iздерi мен заттай дәлелдемелердi анықтаудың, тіркеу мен алудың ғылыми негiзделген тәсілдері пайдаланылуы мүмкiн.
4. Тергеу әрекеттерін жүргiзу кезiнде азаптауға, зорлық-зомбылық көрсетуге, қорқытуға және өзге де заңсыз шараларды, қатыгез қарым-қатынасты қолдануға, сол сияқты оған қатысатын адамдардың өмiрi мен денсаулығына қауiп төндіруге жол берiлмейдi.
5. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам тергеу әрекеттеріне қылмыстық қудалау органының басқа да қызметкерлерiн тартуға құқылы.
6. Осы Кодекстiң 255-бабы үшiншi бөлiгiнiң 2) тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, 220-бабының он үшiншi және он төртiншi бөлiктерiнде, 252-бабында, 254-бабының төртінші бөлігінде, 255-бабында көзделген тергеу әрекеттерiн жүргiзу кезiнде куәгерлердi тарту мiндеттi болады.
Қалған жағдайларда тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде олардың барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдар міндетті түрде қолданылады.
Ғылыми-техникалық тіркеу құралдары болмаған немесе оларды қолдану мүмкін болмаған жағдайда, тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде куәгерлер тартылады.
Әрекеттердің барысы мен нәтижелерін тіркейтін ғылыми-техникалық құралдарды қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тиісті мемлекеттік органдармен келісу бойынша айқындайды.
Ескерту. 197-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы