⁠`

Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / НҚА / 2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Трансферттік баға белгілеу туралы Заңы

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Трансферттік баға белгілеу туралы Заңы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар Трансферттік баға белгілеу туралы Заңы 

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 

      1) ақпарат көздерінен алынған баға – ресми танылған ақпарат көздерінен, биржалық белгіленімдер туралы деректерден, уәкілетті органдардан, сондай-ақ басқа да ақпарат көздерінен алынған баға; 

      2) бағалар ауқымы – осы Заңның 17-1-бабында көзделген тәртiппен белгіленетін, салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалған нарықтық бағалардың бірқатар мәндері; 

       2-1) бақылау – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілікті жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес айқындалатын бақылау.   

      "Бақылау" деген ұғым трансферттік баға белгілеу бойынша есептіліктің мақсаттары үшін пайдаланылады; 

      3) белгіленім кезеңі – мәміле шарттарына сәйкес мәміле тараптары тиісті биржалық тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің), сондай-ақ бағалары биржалық тауарлардың белгіленімдеріне байланыстырылған биржалық емес тауарлардың күнделікті орташа арифметикалық баға белгіленімдерінің орташа арифметикалық мәнін айқындайтын кезең ішінде тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізуге арналған келісімшартта белгіленген, бірақ биржадағы баға белгіленімдері жарияланған, қатарынан күнтізбелік отыз бір күннен аспайтын баға белгілеу кезеңі; 

      3-1) белгіленім күні – ресми танылған ақпарат көздерінде тауарға (жұмысқа, көрсетілетін қызметке) жарияланған баға белгіленімі бар күн; 

      4) бірдей тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) – өздеріне тән бірдей негізгі белгілері: физикалық сипаттамалары, сапасы және рыноктағы өтімділігі, шығарған және өндірген елі бар тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер); 

      5) бірдей (ал олар болмаған жағдайда – біртекті) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тиісті рыногы – нарықтық баға қалыптасатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) межелі (берілетін) рыногы немесе тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) межелі (берілетін) рыногының базасында нарықтық баға объективті түрде қалыптасатын және (немесе) айқындалатын рынок; 

      6) біртекті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) – бірдей болмаса да ұқсас сипаттағы және ұқсас құрамдастардан тұратын, бұл оларға бір ғана функцияларды атқаруға және оларды өзара алмастыруға мүмкіндік беретін тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер); 

      7) дифференциал – мәміле бағасын немесе ақпарат көзінен алынған бағаны салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру үшін қолданылатын түзету мөлшері; 

      8) жеңілдікті салық салынатын мемлекет – Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын шет мемлекет; 

      9) комиссиялық (агенттік) сыйақы – мәмілеге қатысушы мен сауда брокері, трейдер немесе агент арасындағы жеке келісімде көзделген, жасалған мәміле сомасы немесе сомасының пайызы түрінде төленетін, тауарды сатып алу-сату, жұмысты орындау, қызметті көрсету бойынша сауда брокерінің, трейдердің немесе агенттің көрсеткен қызметі үшін төлемақы; 

      10) Қазақстан Республикасының аумағында жасалған, халықаралық іскерлік операцияға тікелей өзара байланысты мәміле – нысанасы халықаралық іскерлік операцияның нысанасы болып табылатын мәміле; 

      10-1) қаржы жылы – халықаралық топтың жылдық шоғырландырылған қаржылық есептілігі жасалатын кезең; 

      10-2) қолайсыз әлеуметтiк-экономикалық салдар – ұлттық мүдделерді іске асыруға кедергі жасайтын немесе оларға қауіп тудыратын, сондай-ақ ұлттық экономиканың орнықты дамуына қатер төндіретін әлеуметтік және экономикалық салдардың жиынтығы; 

      11) қолданылатын бағаның экономикалық негіздемесі – мәміле бағасының қолданылу негізділігін растайтын және уәкілетті органдарға берілетін құжаттар мен ақпарат; 

      12) "қол созу" қағидаты – өзара байланысты тараптар арасындағы мәмілелер шарттарын осы Заңда белгіленген тәртіппен айқындалатын нарықтық баға бойынша мәмілелерді жүзеге асыратын тәуелсіз тараптар арасындағы мәмілелер шарттарымен салыстыру негізінде бағалар (маржа, рентабельділік) ауқымын ескере отырып, нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын қағидат; 

      13) маржа – тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету жөніндегі мәмілелерді жүргізу нәтижесінде сауда брокері, трейдер немесе агент алатын сома; 

      14) маржа ауқымы – осы Заңның 17-1-бабында көзделген тәртіппен белгіленетін, салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалған нарықтық маржаның бірқатар мәндері; 

      15) мәміле бағасы – осы Заңмен реттелетін мәмілені жасау кезінде мәмілеге қатысушылар қолданатын тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы; 

      16) мәмілеге қатысушы – осы Заңмен реттелетін мәмілені жасасқан жеке немесе заңды тұлға; 

      17) мәмілелер мониторингі бойынша есептілік – трансферттік бағаларды қолдана отырып есепті кезең ішінде жасалған мәмілені қоса алғанда, уәкілетті орган бекітетін тәртіп пен нысанға сәйкес мәмілеге қатысушы жыл сайын мемлекеттік кіріс органдарына ұсынатын мәмілелер бойынша деректер; 

      17-1) медианалық мән – тақ сандар жиынының ортасындағы мән немесе жұп сандар жиынының ортаңғы екеуінің орташа арифметикалық мәні; 

      18) нарықтық баға – "қол созу" принципіне сәйкес айқындалатын салыстырымды экономикалық шарттарда бірдей (ал олар болмаған жағдайда – біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың өзара іс-қимылы кезінде қалыптасқан тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) бағасы; 

      18-1) нарықтық рентабельділік – "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалатын салыстырымды экономикалық шарттарда қалыптасқан рентабельділік; 

      18-2) рентабельділік – осы Заңның 12-бабының 1-тармағында көрсетілген әдістерді қолдану үшін пайдаланылатын және бухгалтерлік есепке алу және (немесе) қаржылық есептілік деректері негізінде айқындалатын қаржылық көрсеткіш; 

      19) рентабельділік ауқымы – осы Заңның 17-1 және 17-2-баптарына сәйкес айқындалатын, салыстырымды экономикалық шарттарда "қол созу" қағидатына сәйкес айқындалған нарықтық рентабельділіктің бірқатар мәндері; 

      20) алып тасталды – ҚР 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен;  

      21) салықтар бойынша жеңілдіктер – салық төлеушілердің жекелеген санаттары бойынша салық міндеттемелерінен босату (оларды азайту), инвестициялар жөніндегі келісімшартқа сәйкес инвестициялық салық преференцияларының болуы немесе қызметті арнайы экономикалық аймақтар аумағында жүзеге асыру; 

      22) салыстырымды экономикалық шарттар – егер мұндай шарттар арасындағы айырмашылық бағаға ықпал етпесе немесе мәмілелердің шарттарын осы Заңға сәйкес салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру мақсатында түзету мүмкін болса, бірдей (ал олар болмаған жағдайда – біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығындағы мәмілелердің шарттары; 

      23) сауда брокері, агент – мәмілеге қатысушымен жасалған агенттік келісімнің шарттарына сәйкес делдалдық қызмет көрсетулерді орындайтын тұлға; 

      24) сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақы – сауда-делдалдық қызмет көрсетулерді жүзеге асырғаны үшін мәміле тараптары бірінің ақшалай сыйақы немесе тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу бағасына жеңілдіктер беру (бағаны кеміту) нысанындағы өтеуі; 

      25) трансферттік баға (трансферттік баға белгілеу) – өзара байланысты тараптар арасында қалыптасатын және (немесе) тәуелсіз тараптар арасында мәмілелер жасау кезінде бағалар (маржа, рентабельділік) ауқымы ескеріле отырып, объективті түрде қалыптасатын нарықтық бағадан (маржадан, рентабельділіктен) айырмашылығы болатын, осы Заңға сәйкес бақылауға жататын баға; 

      26) трансферттік баға белгілеуді қолдану жөніндегі келісім – белгілі бір кезеңге нарықтық бағаны айқындау әдісі және нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылатын ақпарат көзі белгіленетін, уәкілетті органдар мен мәмілеге қатысушының арасындағы жазбаша шарт; 

      27) трейдер – тауарларды сатып алу-сату, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету кезінде дербес және (немесе) мәмілеге қатысушының тапсырмасы бойынша делдалдық функцияларды жүзеге асыратын тұлға; 

      28) түпкі тұтынушы – мәмілеге қатысушылармен осындай мәмілеге қатысушылар жүзеге асыратын мәміленің экономикалық нәтижелеріне ықпал ететін ерекше өзара қарым-қатынастары жоқ тәуелсіз тарап; 

      28-1) түсім – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілік жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес айқындалатын, тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді өткізуден түсетін кірістер; 

      29) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органы; 

      30) ұзақ мерзімдік баға – ресми танылған ақпарат көздерінде және (немесе) мәмілеге қатысушылар арасындағы келісімшартта (шартта) белгілі бір кезеңге белгіленген мәміле бағасы; 

      30-1) халықаралық топ – осындай халықаралық топтың негізгі компаниясын қоса алғанда, халықаралық топқа қатысушылар болып табылатын, бір мезгілде мынадай шарттарға сәйкес келетін тұлғалардың жиынтығы: 

      осы тармақшаның бiрiншi абзацында көрсетiлген тұлғалар жиынтығының құрамына Қазақстан Республикасының резидентi болып танылатын не Қазақстан Республикасының резиденті болып танылмайтын, бірақ Қазақстан Республикасында кәсiпкерлiк қызметтi құрылымдық бөлiмше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын ең болмағанда бiр тұлға кіреді; 

      бақылау және (немесе) қатысу арқылы өзара байланысты болады; 

       халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына немесе бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілікті жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес өздеріне қатысты шоғырландырылған қаржылық есептілік жасалады не қаржылық есептілігі тек қана осындай тұлғалардың мөлшеріне немесе деректерінің елеулілігіне орай шоғырландырылған қаржылық есептілік жасалған кезде ескерілмейді;  

      30-2) халықаралық топқа қатысушы – мынадай шарттардың біріне сәйкес келетін тұлға: 

      халықаралық топтың негізгі компаниясы; 

      кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, өзіне қатысты халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі жасалатын не егер осындай тұлғаның бағалы қағаздары қор биржасындағы сауда-саттыққа жіберілген болса, шоғырландырылған қаржылық есептілік (ол болмаған жағдайда) жасалуы мүмкін болған тұлға; 

       кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілікті жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес қаржылық есептілігі тек қана осындай тұлғаның мөлшеріне немесе деректерінің елеулілігіне орай халықаралық топтың шоғырландырылған қаржылық есептілігі жасалған кезде ескерілмейтін тұлға;  

      осы тармақшаның екінші және (немесе) үшінші және (немесе) төртінші абзацтарында айқындалған, осындай құрылымдық бөлімшені немесе тұрақты мекемені құрған тұлғаны ішкі бақылау не оның қаржылық, салықтық немесе өзге де реттеушілік есептілігі мақсаттары үшін өзіне қатысты жеке қаржылық есептілік жасалатын тұлғаның құрылымдық бөлімшесі немесе тұрақты мекемесі; 

       30-3) халықаралық топқа уәклетті қатысушы – халықаралық топтың негізгі компаниясы болып табылмайтын, бірақ:  

       халықаралық топтың негізгі компаниясы халықаралық топтың атынан еларалық есептілікті дайындауға және (немесе) ұсынуға уәкілеттік берген және еларалық есептілікті ұсыну бойынша құқықтық қатынастарда халықаралық топтың негізгі компаниясы сияқты құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыратын,  

      немесе халықаралық топқа өзге қатысушы халықаралық топтың немесе осындай қатысушының атынан негізгі есептілікті және (немесе) жергілікті есептілікті тиісті өкілеттіктерді берген халықаралық топқа өзге қатысушы резиденті болып табылатын не халықаралық топқа осындай қатысушы кәсіпкерлік қызметті құрылымдық бөлімше, тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын мемлекетте (аумақта) дайындауға және (немесе) ұсынуға уәкілеттік берген халықаралық топқа қатысушы. Уәкілетті қатысушы негізгі есептілікті және (немесе) жергілікті есептілікті ұсыну бойынша құқықтық қатынастарда тиісті өкілеттіктерді берген халықаралық топқа өзге қатысушы сияқты құқықтар мен міндеттерді жүзеге асырады. 

      Осы Заңда реттелетін құқықтық қатынастарда халықаралық топқа уәкілетті қатысушының әрекеттері (әрекетсіздігі) халықаралық топқа уәкілетті қатысушыға тиісті өкілеттіктер берген халықаралық топқа қатысушының әрекеттері (әрекетсіздігі) болып танылады; 

      30-4) халықаралық топтың негізгі компаниясы – бір мезгілде мынадай шарттарды қанағаттандыратын халықаралық топқа қатысушы: 

       осындай қатысушы халықаралық топқа басқа қатысушылардың жарғылық капиталына тікелей және (немесе) жанама қатысады және мұндай қатысудың үлесі халықаралық топқа қатысушыларға қатысты шоғырландырылған қаржылық есептілік жасау үшін жеткілікті шаманы құрайды;  

      осындай қатысушының үстінен басқа негізгі компания болмайды; 

      халықаралық топқа бірде-бір өзге қатысушы осы тармақшада көрсетілген барлық шарттарды бір мезгілде қанағаттандырмайды; 

      31) халықаралық іскерлік операциялар – мәмілеге қатысушының бірі Қазақстан Республикасында тіркелмеген бейрезидент болып табылатын және мәмілеге қатысушының екіншісі Қазақстан Республикасының резиденті немесе Қазақстан Республикасында қызметін тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент болып табылатын мәмілелер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы резиденттерінің Қазақстан Республикасы аумағының шегінен тысқары жерлерде жасаған мәмілелері; 

      32) шоғырландырылған қаржылық есептілік – халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына не бағалы қағаздарды сауда-саттыққа жіберу үшін қор биржалары қабылдайтын қаржылық есептілік жасаудың өзге де халықаралық танылған стандарттарына сәйкес жасалатын, халықаралық топтың негізгі компаниясының және халықаралық топқа басқа да қатысушылардың активтері, міндеттемелері, капиталы, кірістері, шығыстары және ақша ағындары бір тұлғаның активтері, міндеттемелері, капиталы, кірістері, шығыстары және ақша ағындары ретінде ұсынылған халықаралық топтың қаржылық есептілігі. 

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - ҚР 2010.06.09 № 288-IV (01.01.2009 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен, өзгерістер енгізілді - ҚР 2011.07.05 N 452-IV; 05.12.2013 № 152-V (01.01.2014 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.09.2014 N 239-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 07.11.2014 № 248-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); 25.12.2017 № 122-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 25.03.2024 № 68-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.  

 

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 5 шілдедегі N 67-IV Заңы. 

Қазақстан Республикасының  

Президенті   

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК  

      Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы