2-бап. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі
1. Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Кодекстен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады. Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасы аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
3. Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында реттелген құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
4. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларына және "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес енгізілген ерекше реттеу режимінің шеңберінде қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғаларға осы Кодекстің және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің осы Кодекске сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актілерінің нормалары ерекше реттеу режимінде қойылатын шарттарда көзделген шектерде қолданылады.
5. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы әлеуметтік қорғау туралы заңнамасының сақтандыру ұйымдарына қатысты қолданылатын ережелері Қазақстан Республикасының бейрезидент-сақтандыру ұйымдарының Қазақстан Республикасының аумағында қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде "өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын филиалдарына қолданылады.
6. Қазақстан Республикасының медициналық-әлеуметтік сараптама саласындағы халықты әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында реттелген құқықтық қатынастарға медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары көрсететін қызметтерді сатып алу бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының күші қолданылмайды.
Ескерту. 2-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 04.07.2023 № 15-VIII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы