21-бап. Қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасау Акционерлік қоғамдар туралы Заңы
1. Осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға ақша, мүліктік құқықтар (оның ішінде зияткерлік меншік объектілеріне құқықтар) және өзге де мүлік енгізілуі мүмкін.
Ақшадан басқа, өзге де мүлікпен (бағалы қағаздан басқа) төлем жасау бағалаушы айқындайтын баға бойынша жүзеге асырылады.
Қоғамның орналастырылатын акцияларына қор биржасында айналыста болатын бағалы қағаздармен ақы төлеу қор биржасының бағалы қағаздарды бағалау әдістемесіне сәйкес қор биржасы айқындайтын нарықтық баға бойынша жүзеге асырылады. Акцияларға ақы төлеуге енгізілетін бағалы қағаздардың түріне қатысты көрсетілген әдістеме бойынша қор биржасы есептеген мұндай бағалы қағаздардың нарықтық бағасы болмаған жағдайда, олардың құнын бағалауды бағалаушы жүргізеді.
Осы тармақтың екінші бөлігінің талаптары қоғам қайта ұйымдастырылған жағдайда қоғамның орналастырылатын акцияларына ақы төлеуге қолданылмайды.
2. Егер қоғамның орналастырылатын акцияларына төлем жасауға мүлікті пайдалану құқығы енгізілсе, мұндай құқықты бағалау осы мүлікті пайдалануға төленетін ақының мөлшері негізге алына отырып, қоғамның оны пайдаланған бүкіл мерзіміне жүргізіледі. Аталған мерзім аяқталғанға дейін қоғам акционерлері жалпы жиналысының келісімінсіз мұндай мүлікті алып қоюға тыйым салынады.
3. Акцияларды орналастырған кезде қоғамға:
1) орналастырылатын акцияларды сатып алуға;
2) шарттарында (шығару шарттарында) эмитент орналастырылған акцияларын эмитенттің сатып алу құқығы немесе міндеті көзделетін шарттар жасасуға (туынды бағалы қағазды сатып алуға) тыйым салынады.
Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда - ҚР 2011.12.28 № 524 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 10.01.2018 № 134-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы N 415 Заңы.
Осы Заң акционерлік қоғамның құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін; акционерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды; акционерлік қоғам органдарының құзыретін, құрылу және жұмыс істеу тәртібін; оның лауазымды адамдарының өкілеттігін, сайлану тәртібін және жауапкершілігін белгілейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы