22-бап. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер Акционерлік қоғамдар туралы Заңы
1. Артықшылықты акциялар бойынша дивидендтерді қоспағанда, қоғамның акциялары бойынша дивидендтер акционерлердің жалпы жиналысында қоғамның дауыс беретін акцияларының жай көпшілігімен дивидендтер төлеу туралы шешім қабылданған жағдайда ақшалай немесе қоғамның бағалы қағаздарымен төленеді.
Қоғамның артықшылықты акциялары бойынша бағалы қағаздармен дивидендтер төлеуге жол берілмейді.
Қоғамның акциялары бойынша оның бағалы қағаздарымен дивидендтер төлеуге акционердің жазбаша келісімі болған кезде осындай төлем қоғамның жарияланған акцияларымен және (немесе) ол шығарған облигациялармен жүзеге асырылатын жағдайда ғана жол беріледі.
Дивидендтерді алуға құқығы бар акционерлердің тізімі дивидендтер төлеу басталатын күннің алдындағы күні жасалуға тиіс.
Төленбеген дивидендтері бар акцияларды иеліктен алу, егер осы Заңда және (немесе) акцияларды иеліктен алу туралы шартта өзгеше көзделмесе, акцияның жаңа иесінің оларды алу құқығымен жүзеге асырылады.
2. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеудің кезеңділігі қоғамның жарғысымен және (немесе) акцияларды шығару проспектісімен белгіленеді.
3. Қоғамның акциялары бойынша дивидендтер төлеу төлем агенті арқылы жүргізілуі мүмкін. Төлем агентінің қызметіне ақы қоғам есебінен төленеді.
4. Орналастырылмаған немесе қоғамның өзi сатып алған акциялар бойынша, сондай-ақ егер сот немесе қоғам акционерлерiнiң жалпы жиналысы қоғамды тарату туралы шешiм қабылдаса, дивидендтер есептелмейдi және төленбейдi.
5. Қоғамның жай және артықшылықты акциялары бойынша:
1) өз капиталының теріс мөлшері болған жағдайда немесе егер қоғамның өз капиталының мөлшері оның акциялары бойынша дивидендтер есептеу нәтижесінде теріс болса;
2) егер қоғам Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес төлем қабiлетсiздiгi немесе дәрменсiздiк белгiлерiне сай келсе не аталған белгiлер қоғамда оның акциялары бойынша дивидендтер төлеу нәтижесiнде пайда болса, дивидендтерді есепке жазуға жол берілмейді.
2-1) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы", "Сақтандыру қызметі туралы" және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда;
3) (алып тасталды)
6. Акционер, осы баптың 5-тармағындағы негіздер бойынша дивиденд есептелмеген жағдайларды қоспағанда, қоғам берешегінің жиналып қалу мерзіміне қарамастан, алынбаған дивидендтердің төленуін талап етуге құқылы.
Дивидендтер оларды төлеу үшін белгіленген мерзімде төленбеген жағдайда акционерге дивидендтердің негізгі сомасы және ақша міндеттемесін немесе оның тиісті бөлігін орындау күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің базалық мөлшерлемесін негізге ала отырып есептелетін өсімпұл төленеді.
7. Акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар өз акциялары бойынша дивидендтерді есептемейді және төлемейді.
Ескерту. 22-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2005.07.08. № 72(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2007.02.19. № 230(қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз), 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.03.2014 № 177-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 24.11.2015 № 422-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 166-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.07.2018 № 168-VІ (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 13 мамырдағы N 415 Заңы.
Осы Заң акционерлік қоғамның құқықтық жағдайын, құрылу, қызмет, қайта ұйымдастырылу және таратылу тәртібін; акционерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі шараларды; акционерлік қоғам органдарының құзыретін, құрылу және жұмыс істеу тәртібін; оның лауазымды адамдарының өкілеттігін, сайлану тәртібін және жауапкершілігін белгілейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы