223-бап. Куәландыру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Адам денесiндегi ерекше белгiлердi, қылмыстық құқық бұзушылық iздерiн, денсаулыққа келтiрілген зиянның белгiлерiн табу, мас болу жағдайын немесе iс үшiн маңызы бар өзге де қасиеттер мен белгiлердi анықтау үшiн, егер бұл үшiн сараптама жүргiзу талап етiлмесе, күдіктiге, жәбiрленушiге, куәға, арыз иесіне және арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адамға куәландыру жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам куәландыру жүргiзу туралы қаулы шығарады, ол күдікті, айыпталушы үшін, сондай-ақ арыз иесі қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде тікелей көрсеткен адам үшін міндетті болып табылады.
Жәбiрленушiнi, куәнi, арыз иесін мәжбүрлеп куәландыру осы Кодекстің 220-бабының 13-1, 13-3 және 13-4-бөліктерінде көзделген тәртіппен, тергеу судьясының санкциясымен жүргiзiледi.
3. Куәландыруды сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам дәрiгердiң немесе басқа маманның қатысуымен жүргізеді.
4. Егер куәландыру адамның денесiн жалаңаштаумен ұштастырылатын болса, онда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам жынысы басқа адамды куәландыру кезiнде қатыспайды. Бұл жағдайда куәландыруды сот медицинасы саласындағы маман немесе дәрiгер жүргiзедi.
Ескерту. 223-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.12.2017 № 118-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы