255-бап. Жеке басын тiнту ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстiң 252-бабында көзделген негiздер болған кезде және 254-бабының талаптарын сақтай отырып, тiнтiлетiн адамның денесiндегі немесе денесінің ішіндегі, оның киiмiндегі нәрселер мен құжаттарды және оның жанындағы нәрселерді табу және алып қою мақсатында жеке басына тiнту жүргізуге құқылы.
2. Жеке басын тiнтудi тiнтілетін адаммен жынысы бiр адам ғана және сондай жыныстағы куәгерлер мен мамандардың қатысуымен жүргiзедi.
3. Жеке басты тінту, мына жағдайлардың біреуі болған кезде:
1) егер осы Кодекстің 254-бабының талаптары сақтала отырып тінту жүргізіліп жатқан үй-жайдағы немесе өзге орындағы адам іс үшін маңызы болуы мүмкін құжаттарды немесе нәрселерді өзінде жасырып отыр деп пайымдауға жеткілікті негіздер болса;
2) егер ол адам ұстап алынған немесе күзетпен қамалған кезде жүргізілген болса, арнайы қаулы шығарылмай және тергеу судьясының санкциясынсыз жүргізілуі мүмкін. Бұл жағдайда жеке басын тінту куәгерлердің қатысуынсыз жүргізілуі мүмкін.
Тінтілетін адамның денесінің ішіндегі нәрселерді табу қажет болған кезде жеке басын тінтуге тиісті бейіннің мамандары қатысады.
Ескерту. 255-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы