26-бап. Қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнiң, айыпталушының қорғалу құқығын қамтамасыз ету ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 26-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
1. Қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнiң, айыпталушының қорғалуға құқығы бар. Олар бұл құқықты осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке өздерi де, сол сияқты қорғаушының, заңды өкiлiнiң көмегiмен де жүзеге асыра алады.
2. Қылмыстық процесті жүргiзетiн орган күдіктiге, айыпталушыға олардың құқықтарын түсiндiруге және олардың күдіктен, айыптаудан заңда тыйым салынбаған барлық құралдармен қорғану мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке бас құқықтары мен мүлiктiк құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процесті жүргiзетін орган iске күдіктiнің, айыпталушының қорғаушысының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнiң, айыпталушының қорғаушысы мен заңды өкiлiнiң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы алдыңғыларға тиесiлi құқықтарды кемiтпейдi.
5. Қорғалуға құқығы бар куә, күдіктi, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарына айғақтар беруге, қандай да бір материалдарды ұсынуға, оларға қандай да бiр жәрдем көрсетуге мәжбүр етiлмеуге тиiс.
6. Күдіктiнiң, айыпталушының олармен бiрлесiп қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық iстi қарау кезiнде де өздерiне тиесiлi қорғалу құқығының барлық кепiлдiктерi сақталады.
Ескерту. 26-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы