283-бап. Сарапшы қорытындысының мазмұны ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Қажеттi зерттеулер жүргiзiлгеннен кейiн оның нәтижелерiн ескере отырып, сарапшы (сарапшылар) өз атынан қорытынды жасап, оны өзінің қойған қолымен және жеке мөрiмен растап, сараптаманы тағайындаған адамға жiбередi. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргiзген жағдайда, сарапшының (сарапшылардың) қойған қолы көрсетілген органның мөрiмен расталады. Сарапшының (сарапшылардың) қорытындысы электрондық құжат түрінде ресімделуі мүмкін.
2. Сарапшының қорытындысында: оның ресімделген күні, сараптаманы жүргізу мерзімдері мен орны; сот сараптамасын жүргізу негіздері; сараптаманы тағайындаған орган туралы мәліметтер; сараптаманы жүргізу тапсырылған сот сараптамасы органы және (немесе) сарапшы (сарапшылар) туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде), білімі, сарапшылық мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс өтілі, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын лауазымы); өзінің көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы ескертілгені туралы сарапшының (сарапшылардың) қойған қолымен куәландырылған белгі; сот сарапшысының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер; сараптама жүргізу кезінде қатысқан процеске қатысушылар туралы және олар берген түсіндірмелер туралы мәліметтер; зерттеу объектілері; олардың жай-күйі, қаптамасы, мөрленгені, куәгерлердiң қатысуы кезінде олардың қойған қолдарымен расталғаны; пайдаланылған әдістемелер көрсетіле отырып, зерттеулердің мазмұны мен нәтижелері; жүргізілген зерттеулердің нәтижелерін бағалау, сарапшының (сарапшылардың) алдына қойылған мәселелер бойынша түйіндерінің негіздемесі мен тұжырымдалуы көрсетілуге тиіс.
3. Егер зерттеу барысында осы Кодекстiң 284-бабында көрсетiлген мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған мәселелердің барлығына немесе кейбiреуiне жауап берудiң мүмкiн болмауының негiздемесi қамтылуға тиiс.
4. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген тәртіппен куәландырылған, сарапшының қорытындысын көрнекілейтін материалдар (фотокестелер, схемалар, графиктер, кестелер және басқа да материалдар) қорытындыға қоса беріледі және оның құрамдас бөлігі болып табылады. Сондай-ақ қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер қоса берілуге тиіс.
Ескерту. 283-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы