3-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі
1. Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бекітілген бюджет – Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат бекіткен бюджет;
2) бюджет – мемлекеттің міндеттері мен функцияларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз етуге арналған мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры;
3) бюджет жүйесі – бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджет процестері мен қатынастардың, оның ішінде квазимемлекеттік сектор субъектілерімен, бюджеттен тыс қорлармен қатынастардың жиынтығы;
4) бюджет қаражаты – мемлекеттік меншікке түсуі және жұмсалуы бюджетте ақшалай нысанда көрсетілетін мемлекеттің ақшасы мен өзге де активтері;
5) бюджет қаражатының игерілмеуі – бюджет қаражатының үнемделуін, Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың бастамаларына арналған резервтің бөлінбеген қалдығын, Қазақтан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген нысаналы трансферттердің қайтарылуын және есепті қаржы жылында бөлінген, осы Кодекске сәйкес толық пайдалануға рұқсат етілген нысаналы даму трансферттерінің қайтарылуын шегергенде, төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарының бюджеттік бағдарлама бойынша төленген міндеттемелерден есепті кезеңнің қорытындылары бойынша қалыптасқан асып кетуі;
6) бюджет процесі – бюджет процесіне қатысушылардың бюджетті болжау, жоспарлау, қарау, бекіту, атқару, нақтылау, секвестрлеу және түзету, бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есептілікті, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептілікті жүргізу, мониторинг және нәтижелерді бағалау кезеңдеріндегі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында регламенттелген қызметі;
7) бюджет саясаты – мемлекеттік қаржының орнықтылығын қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік қаржысын басқару жөніндегі шаралардың жиынтығы;
8) бюджеттен тыс қор – негізгі мақсаты республиканы немесе өңірді дамытудың әлеуметтік-экономикалық міндеттерін іске асыру болып табылатын, мемлекет құрылтайшысы және жалғыз акционері болып табылатын заңды тұлға немесе қолма-қол ақшаны бақылау шоты нысанында құрылатын орталықтандырылған ақша қоры;
9) бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуы – бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге, оның ішінде бюджет қаражаты толық игерілген кезде қол жеткізбеу;
10) бюджеттік қатынастар – бюджет процесінде туындайтын қатынастар;
11) бюджеттік операциялар – бюджетті атқару процесінде жүзеге асырылатын операциялар;
12) есепті қаржы жылы – жоспарлы кезеңнің ағымдағы қаржы жылының алдындағы жыл;
13) жоспарлы кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі үш қаржы жылы;
14) кезекті қаржы жылы – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі жыл;
15) қаржы жылы – бюджеттің атқарылуы жүзеге асырылатын, күнтізбелік жылдың 1 қаңтарынан басталып, 31 желтоқсанында аяқталатын уақыт кезеңі;
16) қаржыландыру – бюджет ақшасын оны алушыларға бөлу;
17) қысқа мерзімді кезең – ұзақтығы бір жылға дейінгі кезең;
18) мемлекет активтері – өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік меншікке алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар;
19) мемлекеттік инвестициялық жоба – жаңа өндірістер құруды, жұмыс істеп тұрғандарын кеңейтуді және (немесе) жаңартуды қоса алғанда, активтер құруға және (немесе) дамытуға бағытталған, осы Кодексте көзделген іс-шаралар кешені;
20) мемлекеттік қаржы – республикалық бюджеттің, жергілікті бюджеттердің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, бюджеттен тыс қорлардың мемлекеттік сектордың активтері мен міндеттемелерін қалыптастыру, бөлу, қайта бөлу кезінде туындайтын қатынастар жүйесі;
21) мемлекеттік қаржының орнықтылығы – ұзақ мерзімді кезеңде мемлекет міндеттемелерін ескере отырып, оның міндеттері мен функцияларының іске асырылуын қаржыландыруды қамтамасыз ететін мемлекеттік қаржының жай-күйі;
22) нақтыланған бюджет – атқарылуы барысында Қазақстан Республикасының Парламенті немесе тиісті мәслихат қабылдаған өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген бюджет;
23) нәтижелердің көрсеткіштері – мемлекеттік органның даму жоспарын, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарларын және (немесе) бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын іске асыру бойынша мемлекеттік органның, сондай-ақ өздерінің іс-шаралар жоспарларын немесе даму жоспарларын іске асыру бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін сипаттайтын нысаналы индикаторлардың, түпкілікті нәтижелердің жиынтығы;
24) нысаналы индикатор – мемлекеттік органның даму жоспарының, квазимемлекеттік сектор субъектісінің іс-шаралар жоспарының немесе даму жоспарының немесе облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының мақсатына қол жеткізуді санмен өлшейтін көрсеткіш;
25) орта мерзімді кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі, ұзақтығы бір жылдан бес жылға дейінгі кезең;
26) теңгерімділік – қабылданатын міндеттемелердің бюджет жобасында белгіленгеннен артық емес деңгейде жоспарланатын бюджет қаражатының көлемдеріне сәйкестігі;
27) түзетілген бюджет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің және жергілікті атқарушы органдардың қаулылары, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің шешімдері және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерi негізінде атқарылу барысында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескеріле отырып бекітілген (нақтыланған) бюджет;
28) түпкілікті нәтиже – көзделген бюджет қаражаты шегінде мемлекеттік органның даму жоспарының, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың даму жоспарының және (немесе) бюджеттік бағдарламаның мақсатына және (немесе) нысаналы индикаторына қол жеткізуді сапамен өлшейтін бюджеттік бағдарлама паспортының көрсеткіші;
29) ұзақ мерзімді кезең – ағымдағы қаржы жылынан кейінгі, ұзақтығы бес жылдан отыз жылға дейінгі кезең.
2. Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының осы бапта көрсетілмеген басқа да ұғымдары осы Кодекстің тиісті баптарында айқындалатын мәндерінде пайдаланылады.
Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, осы Кодексте пайдаланылатын Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да салаларының ұғымдары Қазақстан Республикасы заңнамасының тиісті салаларында пайдаланылатын мәндерінде қолданылады.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы ұғымдарының анықтамалары Қазақстан Республикасы заңнамасының басқа да салалары ұғымдарының анықтамаларымен сай келмеген кезде бюджеттік қатынастарға қатысты Қазақстан Республикасы бюджет заңнамасының ұғымдары пайдаланылады.
Бюджет кодексі Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қылмыстық-атқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы