3-бап. Осы Кодексте қамтылатын кейбір ұғымдарды түсіндіру Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
Осы Кодексте қамтылатын ұғымдар мынадай мағынада қолданылады:
1) жазаны орындайтын органдар – қамаққа алу түріндегі жазаны, сотталған адамды қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаны және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын органдар;
2) жазаны өтеу режимі – осы Кодексте және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген жазаларды орындау және өтеу тәртібі;
3) қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті орган – қылмыстық-атқару қызметі саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
4) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесі (бұдан әрі – қылмыстық-атқару жүйесі) – қылмыстық жазалардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі атқарушылық және өкiмдік функцияларды жүзеге асыратын органдар мен мекемелер, сондай-ақ көрсетілген органдар мен мекемелердiң жұмыс істеуін қамтамасыз ететiн ұйымдар жүйесi;
5) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің мекемесі (бұдан әрі – мекеме) – бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындауға арналған мемлекеттік мекеме;
6) қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің уәкілетті органы (бұдан әрі – қылмыстық-атқару жүйесінің уәкілетті органы) – қылмыстық-атқару қызметі саласындағы уәкілетті органның өзінің құзыреті шегінде бақылау және (немесе) іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы;
7) пробация – санаттары заңмен айқындалған адамдардың қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу үшін олардың мінез-құлқын түзеуге бағытталған бақылау және әлеуметтік-құқықтық сипаттағы қызмет түрлері мен жеке айқындалатын шаралар жүйесі;
8) пробация қызметі – қылмыстық жазалардың қоғамнан оқшауламай орындалуын қамтамасыз ету, сондай-ақ пробацияны ұйымдастыру және оның жұмыс істеуі жөніндегі атқарушылық және өкімдік функцияларды жүзеге асыратын қылмыстық-атқару (пенитенциарлық) жүйесінің органы;
9) пробациялық бақылау – пробация қызметінің есебінде тұратын адамдардың өздеріне заңмен және сотпен жүктелген міндеттерін орындауына уәкілетті органдардың бақылауын жүзеге асыру жөніндегі қызметі;
10) сотталған адамды түзеу – сотталған адамның құқыққа бағынушылық мінез-құлқын, жеке басқа, қоғамға, еңбекке, қоғамдағы мінез-құлық нормаларына, қағидаларына және әдебіне жағымды көзқарасын қалыптастыру;
11) тергеу изоляторларының оқшауланған учаскелері – бас бостандығынан айыруға сотталғандарды, сондай-ақ қамаққа алуға сотталғандарды ұстауға арналған камералары бар тергеу изоляторларының үй-жайлары.
Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 30.12.2016 № 39-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 18.04.2017 № 58-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-атқару Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кәсіпкерлік Кодексі Еңбек Кодексі Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) Әкімшілік рәсімдік-процестік Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология Әлеуметтік Азаматтық Қылмыстық-процестік Қылмыстық Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарий) Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қазақстан Республикасы