3-бап. Қазақстан Республикасының экология заңнамасының мақсаты мен міндеттері Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Қазақстан Республикасының экология заңнамасының мақсаты Қазақстан Республикасында бірыңғай мемлекеттік экологиялық саясатты іске асырудың құқықтық негіздерін, міндеттері мен қағидаттарын, сондай-ақ тетіктерін айқындау болып табылады.
2. Қазақстан Республикасы экология заңнамасының міндеттері:
1) қоршаған ортаның ластануын болғызбауға, кез келген нысандарда экологиялық залалдың келтірілуіне жол бермеуге және келтірілген экологиялық залалдың салдарларын жоюды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсерді біртіндеп азайтуға бағытталған мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру арқылы қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету;
2) адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету;
3) Қазақстан Республикасының орнықты дамуының экологиялық негіздерін қамтамасыз ету;
4) орнықты даму тұрғысынан климаттың өзгеру қатеріне жаһандық ден қоюды нығайтуға, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруіне және "жасыл" экономикаға көшуге бейімделу жөніндегі халықаралық, өңірлік және трансшекаралық бағдарламаларды іске асыруға Қазақстан Республикасының үлесін қамтамасыз ету;
5) қоршаған ортаны, оның ішінде ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылықты білдіретін аумақтар мен объектілерді қорғау, сақтау және қалпына келтіру;
6) қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың барлық мемлекеттік органның өзара іс-қимыл жасауы мен қызметін үйлестіруді көздейтін тиімді жүйесін қалыптастыру;
7) мемлекеттің "жасыл" инвестициялар тартуды және ең үздік қолжетімді техникаларды, ресурс үнемдейтін технологиялар мен практикаларды кеңінен қолдануды, түзілетін қалдықтардың көлемін азайтуды және қауіптілік деңгейін төмендетуді және оларды тиімді басқаруды, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды, суды үнемдеуді, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру, табиғи ресурстарды орнықты пайдалану, қалпына келтіру және молықтыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруды көтермелеуі және ынталандыруы;
8) жұртшылық үшін экологиялық ақпараттың тұрақты және жүйелі жиналуын, жинақталуын, сақталуын, талдануы мен таратылуын, оның ішінде заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз ету, сондай-ақ әрбір адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткізу құқығын сақтау, осы құқықты іске асырудың негізгі шарттарын, тәртібі мен ерекшеліктерін айқындау;
9) қоршаған ортаны қорғау және Қазақстан Республикасының орнықты даму мәселелерін шешуде жариялылықты және жұртшылықтың жан-жақты қатысуын қамтамасыз ету;
10) тиімді экологиялық мониторинг пен экологиялық бақылауды қамтамасыз ету;
11) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізуге, қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңасын салуға инвестициялар тарту үшін жағдай жасау;
12) қоршаған ортаны қорғау саласында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелерінің орындалуын, халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қамтамасыз ету;
13) қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру, барлық білім беру деңгейінде экологиялық білімді насихаттау, орнықты дамуды қамтамасыз ету мақсатында экологиялық білім беру мен ағартуды дамыту;
14) қоршаған ортаны қорғау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңдылық пен құқық тәртібін нығайту.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы