356-бап. Полигонды (полигонның бір бөлігін) жабу, рекультивациялау және мониторингтеу рәсімдері Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Қалдықтарды көму жөніндегі полигонды (полигонның бір бөлігін) экологиялық рұқсат алғаннан кейін ғана жабуға жол беріледі.
2. Қалдықтарды көму жөніндегі полигон (полигонның бір бөлігі) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдары жергілікті жерде қорытынды қарап-тексеруді жүргізіп, полигон операторы ұсынған барлық ақпаратты бағалағаннан және оған полигонды (полигон бір бөлігін) жабудың мақұлданғаны туралы хабар бергеннен кейін ғана жабық деп қарастырылуы мүмкін. Бұл ретте полигон операторы экологиялық рұқсат шарттарын орындаудан босатылмайды.
3. Полигон (полигонның бір бөлігі) жабылғаннан кейін полигон операторы аумақты рекультивациялауды жүзеге асырады және 1-сыныпты полигондар үшін – отыз жыл, 2-сыныпты полигондар үшін – жиырма жыл, 3-сыныпты полигондар үшін бес жыл бойы қоқыс газы мен сүзінділердің шығарындыларына мониторинг жүргізеді. Бүлінген жерді рекультивациялау мен кейіннен мониторинг жүргізуге арналған қаражат полигонның тарату қорынан түседі.
4. Полигондарды рекультивациялау полигон бойындағы қалдықтарды тұрақтандыру, полигон орналасқан аймақтың табиғи-климаттық жағдайларын ескере отырып, полигон баурайларын эрозияға қарсы қорғау және көгалдандыру жөніндегі іс-шараларды қамтиды. Полигондарды рекультивациялауға қойылатын талаптар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерде белгіленеді.
5. Полигон операторы жобаның шарттарына сәйкес полигонды (полигонның бір бөлігін) рекультивациялауды орындағаннан және орындалған жұмыстар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның қатысуымен қабылдау комиссиясының актісімен қабылданғаннан кейін полигон операторы қоршаған ортаға мониторинг жүргізуді тоқтатады.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы