382-бап. Iстiң қысқартылған тәртiппен сотта талқылануы ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ ауыр қылмыстар туралы істер бойынша сот талқылауы, мынадай шарттар болған кезде:
1) сотталушы өзiнiң кiнәсiн толық көлемде, оның iшiнде қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянның мөлшерін және өзiне қойылған талап қою талаптарын мойындаса;
2) сотқа дейiнгi іс жүргiзу барысында процеске қатысушылардың осы Кодексте белгiленген құқықтарын бұзуға немесе құқықтарына қысым көрсетуге жол берiлмесе;
3) процеске қатысушылар iс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дауласпаса және оларды сот отырысында зерттеудi талап етпесе;
4) іс бойынша сотқа дейінгі жеделдетілген іс жүргізу кезінде;
5) медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасалған кезде қысқартылған тәртiппен жүргiзiледі.
2. Iстi сотта талқылаудың қысқартылған тәртiбi сотталушыдан, жәбірленушіден жауап алудан, медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісімнің мән-жайларын, азаматтық талап қою бойынша төлемдерді және процестік шығындарды төлеу мерзімі мен тәртібі туралы мәселелерді анықтаудан ғана тұрады. Қысқартылған сот талқылауы он тәулікке дейінгі мерзімде аяқталуға тиіс, айрықша жағдайларда бұл мерзім судьяның уәжді қаулысымен жиырма тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін.
3. Сот, егер сот отырысы барысында қысқартылған тәртіппен сот талқылауына кедергі келтіретін мән-жайлар анықталса, сот тергеуiн толық көлемде жүргiзу туралы қаулы етеді.
Ескерту. 382-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы