408-бап. Жекеше айыптауды қозғау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Жекеше айыптауды тұлға (бiрнеше тұлға) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген кезде ол сотқа жiберiлуге жатады.
2. Шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiніш, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер, адам қылмыстық жауаптылыққа тартылатын қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ), сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс. Шағымға оны берген адам қол қояды. Анонимді шағымдар iс жүргiзуге қабылданбайды.
3. Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн.
4. Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.
5. Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бередi.
6. Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оған осы Кодекстiң 72-бабында және 410-бабының үшінші және төртiншi бөлiктерiнде көзделген құқықтар түсiндiрiлуге тиiс, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.
7. Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
8. Егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.
9. Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан қозғалмайды.
Ескерту. 408-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы