471-бап. Сот қаулысының заңды күшiне енуi және оны орындауға енгізу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағым жасаудың немесе прокурордың өтінішхатын келтірудің мерзiмi өткен соң не жекеше шағым берілген немесе прокурордың өтінішхаты келтірілген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
1-1. Сотталған адамды ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейiнге қалдыру, жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жаза түрiмен ауыстыру туралы сот қаулылары сотталған адамды күзетілуден босатуға қатысты бөлігінде дереу орындалуға жатады.
Бұл ретте көрсетілген қаулыларға осы Кодекстің 48 және 49-тарауларында белгіленген қағидалар бойынша аппеляциялық тәртіппен шағым жасалуы және олар прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуы мүмкін.
2. Соттың шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға немесе наразылық білдірілуге жатпайтын қаулысы шығарылған бойда дереу күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
3. Соттың алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауы кезінде шығарылған істi тоқтату туралы қаулысы оның айыпталушыны немесе сотталушыны күзетілуден босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезінен бастап күшіне енеді.
5. Апелляциялық сатыдағы соттардың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 445-бабында көзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.
6. Соттың жекеше қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жекеше қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуға және оның нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс.
Ескерту. 471-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 17.03.2023 № 212-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы