507-бап. Сот қаулысын қайта қарау және сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Бірінші, апелляциялық сатылардағы соттың іс жүргізуді жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қозғау туралы өтінішхатты қарау қорытындылары бойынша шығарылған қаулыларына шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды осы Кодекстің 502-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдар тиісті жоғары тұрған сотқа қаулы шығарылған күннен бастап он бес тәулік ішінде бере алады.
2. Жоғары тұрған сот көрсетілген қаулыларға шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарауды апелляциялық, кассациялық шағымдарды, прокурордың өтінішхаттарын, наразылықтарды қарау үшін көзделген тәртіппен жүзеге асырады. Жоғары тұрған соттың шағым жасалған қаулыны өзгеріссіз қалдыру, оның күшін жою немесе оны өзгерту туралы қаулысы түпкілікті болып табылады және одан әрі шағым жасалуға, прокурордың өтінішхаты бойынша қайта қаралуға, наразылық білдірілуге жатпайды.
Осы Кодекстің 490 және 491-баптарында көзделген қағидалар апелляциялық сатыдағы соттың қаулыларына шағымдарға, наразылықтарға қолданылмайды және оларды кассациялық сатыдағы сот тікелей қарайды.- ҚР Заңымен алынып тасталды.
3. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөнiндегi сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеп-тексеру және сот талқылауы осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
Алқабилердiң қатысуымен шығарылған заңды күшіне енген сот актісін алдын ала тыңдау сатысынан жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi жаңадан қарауға жолдай отырып, қайта қарау туралы өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда, сот iстi жаңадан қараған кезде iстi алдын ала тыңдауды жүргiзедi және сотталушының ерiк бiлдiруiне қарай iстi алқабилердiң қатысуымен не олардың қатысуынсыз жаңадан қарау туралы шешiм қабылдайды. Егер сот актісі басты сот талқылауын жүргiзу сатысынан соттың жаңадан қарауына жолдана отырып, жойылған болса, сот басты сот талқылауын тағайындайды, алқабилердiң жаңа алқасын қалыптастыруды жүргiзедi және iстi осы Кодекстiң 65-тарауының ережелерiне сәйкес қарайды.
Ескерту. 507-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы