6-2-бап. Филиалды (өкiлдiктi) есептiк тiркеу тәртiбi Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы Заңы
Филиалды (өкілдікті) есептік тіркеу үшін тіркеуші органға Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша өтініш беріледі. Өтінішке филиалды (өкілдікті) құратын заңды тұлға уәкілеттік берген адам қол қояды және ол заңды тұлғаның мөрімен бекемделеді.
Егер заңды тұлға жеке кәсіпкерлік субъектісі болып табылған жағдайда, өтінішті мөрмен бекемдеу талап етілмейді.
Өтінішке коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркегенi үшін тіркеу алымының бюджетке төленгенін растайтын құжат не коммерциялық ұйым болып табылатын заңды тұлғаның филиалын (өкiлдiгін) есептiк тiркегенi үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына ақы төленгенін растайтын құжат қоса беріледі.
Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жатпайтын заңды тұлғалардың, сондай-ақ акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдерінде электрондық нұсқада филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғының (ереженің) көшірмелері және заңды тұлғаның (қоғамдық және діни бірлестіктерді қоспағанда) филиал (өкілдік) басшысына берген сенімхаты қосымша ұсынылады.
Шетелдiк заңды тұлғалардың филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептік тiркеу Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде Қазақстан Республикасы заңды тұлғаларының филиалдарын (өкiлдiктерiн) есептік тiркеу үшін белгiленген тәртіппен жүргізіледі. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше белгiленбесе, осы тәртiппен көзделген құжаттардан басқа, филиалды (өкілдiкті) құратын шетелдiк заңды тұлғаның шет мемлекеттiң заңнамасы бойынша заңды тұлға болып табылатынын растайтын, сауда тiзiлiмiнің заңдастырылған үзiндi көшiрмесі, шетелдiк заңды тұлғаның құрылтай құжаттары немесе басқа да заңдастырылған құжаты, сондай-ақ салықтық тіркеу нөмірі (немесе оның аналогы) көрсетіле отырып, шетелдік заңды тұлғаның инкорпорация еліндегі салықтық тіркелуін растайтын құжат қосымша ұсынылуға тиiс. Филиалды (өкiлдiкті) құратын шетелдiк заңды тұлғаның құжаттары нотариат куәландырған қазақ және орыс тiлдеріндегі аудармасымен бірге ұсынылады.
Мемлекеттік кәсіпорын филиал (өкілдік) құрған кезде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің не мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның (жергілікті атқарушы органның) филиал (өкілдік) құруға келісімін растайтын құжат қосымша ұсынылады.
Акционерлік қоғамдардың филиалдары (өкілдіктері) үшін заңды тұлға бекіткен, қазақ және орыс тілдеріндегі филиал (өкілдік) туралы ереже, жарғы (ереже) және филиалдың (өкілдіктің) басшысына берілген заңды тұлғаның сенімхаты қосымша қоса беріледі.
Қызметінің нысанасы қаржылық қызметтер көрсету болып табылатын шетелдік заңды тұлғаның филиалын есептік тіркеу кезінде Бизнес-сәйкестендіру нөмiрлерiнiң ұлттық тiзiлiмi электрондық хабарлама арқылы қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган рұқсатының бар-жоғы туралы мәліметтерді алады.
Саяси партиялар мен діни бірлестіктердің филиалдарын (өкілдіктерін) қоспағанда, заңды тұлғаның филиалын (өкілдігін) есептік тіркеу Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі айқындайтын тәртіппен "электрондық үкімет" веб-порталы, сондай-ақ өзге де ақпараттандыру объектілері арқылы берілген электрондық өтініш негізінде жүргізіледі.
Ескерту. Заң 6-2-баппен толықтырылды - ҚР 2012.12.24 № 60-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi); өзгерістер енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 269-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 02.04.2019 № 241-VI (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі); 03.07.2019 № 262-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 25.11.2019 № 272-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 02.01.2021 № 399-VI (16.12.2020 бастап қолданысқа енгізіледі); 14.07.2022 № 141-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.04.2024 № 71-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 сәуiрдегі N 2198 Заңы.
Қазақстан Республикасының Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы