628-бап. Басты сот талқылауы барысында келісімдік іс жүргізуді қозғау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Мемлекеттік айыптаушы, сотталушы және оның қорғаушысы қылмыстық іс бойынша басты сот талқылауы барысында кінәні мойындау туралы процестік келісім, кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге құқылы.
Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтінішхат келіп түскен кезде судья сот талқылауын үзеді және тараптарға процестік келісім жасасу үшін ақылға қонымды мерзім береді.
2. Кінәні мойындау туралы процестік келісім немесе кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісім жасалғанынан кейін судьяға беріледі, ол оның заң талаптарына сәйкестігін тексереді және мынадай:
1) істің келісімдік іс жүргізуде қаралуын жалғастыру туралы;
2) егер сотта сотталушының кінәлі екендігіне күмән туындаса не келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздердің болмауына байланысты істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы;
3) егер сот қылмыстың саралануына, азаматтық талап қоюдың мөлшеріне, жазаның түріне және (немесе) мөлшеріне келіспесе, жаңа процестік келісім жасауға мүмкіндік беру туралы уәжді шешімдердің бірін қабылдайды.
Тараптар процестік келісімнің шарттары бойынша келісімге қол жеткізбеген жағдайда, соттың қылмыстық істі қарауы жалпы тәртіп бойынша жалғастырылады.
Ескерту. 628-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 27.12.2019 № 292-VІ (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 27.12.2021 № 88-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2023 № 23-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы