647-бап. Алқабидiң құқықтары, мiндеттерi және оның әрекеттеріне iстi қарауға байланысты қойылатын шектеулер ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Төрағалық етушi алқабилерге олардың құқықтарын, мiндеттерiн және олардың әрекеттеріне iстi қарауға байланысты қойылатын шектеулерді түсiндiредi, сондай-ақ мiндеттердi бұзу мен шектеулердi сақтамаудың салдарлары туралы ескертедi.
2. Алқабидің:
1) iстiң мән-жайларын өзiнiң iшкi нанымы бойынша өз бетiнше бағалау және алқабилер алқасының алдына қойылатын сұрақтарға жауап беру мүмкiндiгін алу үшiн сотта қаралатын дәлелдемелердi зерттеуге қатысуға;
2) процеске қатысушыларға төрағалық етушi арқылы сұрақтар қоюға;
3) заттай дәлелдемелердi, құжаттарды тексерiп қарауға, жергілікті жердi және үй-жайларды тексерiп-қарауды жүргізуге, сот тергеуiндегi барлық басқа да әрекеттерге қатысуға;
4) төрағалық етушiге заңнама нормаларын, сондай-ақ сот отырысында жария етiлген құжаттардың мазмұнын және iске қатысты өзiне түсiнiксiз басқа мәселелердi түсiндiрудi сұрап өтiнiш жасауға;
5) сот отырысы кезiнде жазбалар жасауға құқығы бар.
3. Алқаби:
1) сот отырысында тәртiп сақтауға және төрағалық етушiнiң заңды өкiмдерiне бағынуға;
2) алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн, сондай-ақ сот отырысында үзiлiс жарияланса немесе iстi тыңдау кейiнге қалдырылса, сот талқылауын жалғастыру үшiн сот көрсеткен уақытта келуге;
3) сотқа келуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, төрағалық етушiге келмеудiң себептерi туралы алдын ала құлағдар етуге мiндеттi.
4. Алқаби:
1) iстi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге;
2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнiң рұқсатынсыз iс бойынша сөйлесуге;
3) iстi талқылау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға;
4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өзiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға құқылы емес.
5. Алқабидiң өз мiндеттерiн атқармауы, сондай-ақ осы бапта көзделген шектеулердi сақтамауы заңда белгiленген жауаптылыққа, сондай-ақ төрағалық етушiнiң алқабидi iстi қарауға одан әрi қатысудан шеттету мүмкiндiгiне әкеп соғады.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы