65-1-бап. Қорғалуға құқығы бар куә ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Егер адам қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызда және хабарда оны жасаған адам ретінде көрсетілсе не қылмыстық процеске қатысатын куә оған қарсы айғақтар берсе, бірақ бұл адамға процестік ұстап алу қолданылмаса не оны күдікті деп тану туралы қаулы шығарылмаса, онда ол қорғалуға құқығы бар куә мәртебесін алады.
2. Қорғалуға құқығы бар куәнің:
1) сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын адамнан өзіне тиесілі құқықтар туралы түсіндірме алуға;
2) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамнан қорғалуға құқығы бар куәнің мәртебесі туралы түсіндірме алуға;
3) осы Кодексте көзделген жағдайларда сараптама тағайындау туралы қаулымен танысуға;
4) осы Кодексте көзделген жағдайларда сараптаманың қорытындысымен танысуға;
5) айғақтар беруден бас тартуға;
6) өз бетінше немесе өзінің туыстары немесе сенім білдірілген адамдары арқылы қорғаушы ретінде адвокат шақыруға;
7) қорғаушысының қатысуымен айғақтар беруге;
8) ана тiлiнде немесе өзi білетін тiлде айғақтар беруге;
9) аудармашының тегiн көмегiн пайдалануға;
10) жауап алу хаттамасына өз айғақтарын өз қолымен жазуға;
11) жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларының және жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарын, сондай-ақ оларда қамтылған дербес деректерді қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген құжаттармен танысуға;
12) өзінің қатысуымен жүргізілген тергеу әрекеттерінің хаттамаларымен танысуға және оларға ескертулер беруге, дәлелдемелер ұсынуға;
13) өзінің құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты, оның ішінде сараптама жүргізу және қауіпсіздік шараларын қолдану туралы өтінішхаттар мәлімдеуге;
14) қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
15) өзіне қарсы куә болғандармен беттесуге;
16) анықтаушының, тергеушінің, прокурордың әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым келтіруге құқығы бар.
3. Қорғалуға құқығы бар куә: соттың, прокурордың, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның шақыруы бойынша келуге; тергеу әрекеттері жүргізілген кезде және сот отырысы уақытында белгіленген тәртіпті сақтауға міндетті.
4. Осы Кодекстiң 223 және 271-баптарында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға немесе куәландырылуға тартуға болмайды.
5. Қорғалуға құқығы бар куәге қылмыстық процесті жүргізетін органның шақыруы бойынша дәлелді себептерсіз келмегені үшін осы Кодекстің 160-бабында белгіленген тәртіппен ақшалай өндіріп алу қолданылуы мүмкiн.
Ескерту. 65-1-баппен толықтырылды – ҚР 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы