7-1-бап. Жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндіретін электр энергиясын өндіруге, беруге және сатып алуға қатысушылардың міндеттері Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы Заңы
Ескерту. 7-1-баптың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР 01.04.2021 № 26-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
1. Желілеріне жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері қосылған энергия беруші ұйымдар өздерінің желілеріне жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектілері, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері берген электр энергиясының көлемі туралы электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде айқындалған мәліметтерді ай сайын электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға ұсынуға міндетті.
2. Алып тасталды – ҚР 19.04.2023 № 223-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
2-1. Басым тұтынушылар осы баптың 2-тармағының 2) және 3) тармақшаларында, сондай-ақ 6, 6-1, 6-2 және 8-тармақтарында көзделген міндеттерді атқарады.
Басым тұтынушылар жаңартылатын энергия көздерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өндірген электр энергиясын сатып алуға электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен жыл сайын үлгілік нысанға сәйкес шарттар жасасуға міндетті.
Басым шартты тұтынушылар қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісін салу кезінде объект пайдалануға берілгенге дейін үш жүз алпыс бес күннен кешіктірмей уәкілетті орган мен жүйелік операторды қайталама энергетикалық ресурстардың түрін, қуат көлемін және орналасқан жерін көрсете отырып, қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісінің құрылысы туралы хабардар етеді.
3. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы:
1) осы Заңда белгіленген тәртіппен жаңартылатын энергия көздерін және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардан:
қаржы-есеп айырысу орталығы мен энергия өндіруші ұйым арасындағы сатып алу-сату шарттары бойынша – осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеуді ескере отырып, шарт жасасу күніне қолданыста болатын тіркелген тариф бойынша;
өзі не қаржы-есеп айырысу орталығы энергия өндіруші ұйыммен жасасқан сатып алу-сату шарттары бойынша – осы Заңның 8-1-бабының 2-тармағында көзделген индекстеуді ескере отырып, өткізілген аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша айқындалған аукциондық бағалар бойынша электр энергиясының жоспарлы көлемін сатып алуға;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес сатып алынған электр энергиясына "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен ақы төлеуге міндетті.
4. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы осы Заңға сәйкес қолдау жүзеге асырылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізген энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады және бұрын басталуына қарай Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне электр энергиясын босату жүзеге асырылған кешенді сынақтар басталған күннен бастап не сатып алу-сату шартына сәйкес объектіні пайдалануға қабылдау актісін ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап он бес жыл бойы электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
4-1. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы осы Заңға және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қолдау жүзеге асырылатын қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын және аукциондық сауда-саттық жеңімпаздары тізіліміне енгізілген энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады және Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне электр энергиясын жіберу жүзеге асырылған кешенді сынақтар басталған күннен бастап он бес жыл бойы электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
4-2. Аукциондық сауда-саттық қорытындылары бойынша электр энергиясын бірыңғай сатып алушы осы Заңға сәйкес қолдау жүзеге асырылатын жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын және уәкілетті орган жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізген энергия өндіруші ұйымдармен электр энергиясын сатып алу-сату шарттарын жасасады және бұрын басталуына қарай Қазақстан Республикасының біртұтас электр энергетикалық жүйесіне электр энергиясын босату жүзеге асырылған кешенді сынақтар басталған күннен бастап не сатып алу-сату шартына сәйкес объектіні пайдалануға қабылдау актісін ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап жиырма жыл бойы электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырады.
4-3. Алып тасталды – ҚР 08.07.2024 № 121-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жылдық қаржылық есептілікке аудит жүргізуге және оның нәтижелерін уәкілетті органға ұсынуға міндетті.
6. Басым тұтынушының құрамына кіретін энергия өндіруші ұйымдарды қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін, қайталама энергетикалық ресурстарды, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар:
1) электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға ай сайын электр энергиясы берілген айдан кейінгі айдың бесінші күнінен кешіктірмей оны шығарудың, желілерге жіберудің тәулік сайынғы нақты көлемдері туралы ақпарат беруге;
2) электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға жыл сайын жиырмасыншы желтоқсанға қарай айларға бөле отырып, электр энергиясын шығарудың, желілерге жіберудің алдағы жылға арналған болжамды көлемдері туралы ақпарат жолдауға;
3) өңірлік электр желілік компанияға және (немесе) жүйелік операторға тәуліктік және айлық (ай басталғанға дейін күнтізбелік он күн бұрын) электр энергиясын беру кестелерін ұсынуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электр энергиясын өндірудің тәуліктік кестелерінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.
6-1. Белгіленген қуаттылығы кемінде бір мегаватт болатын жаңартылатын энергия көздерін, қайталама энергетикалық ресурстарды, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар осы баптың 6-тармағында көрсетілген міндеттермен қатар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүйелік оператор белгілеген, электр станциясының генерациялайтын қондырғыларының жұмыс режимдерін сақтауға міндетті.
6-2. Су қоймаларымен жарақтандырылған гидроэлектр станциялары су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітетін су режимі шеңберінде Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыру кезінде жүйелік оператордың өкіміне сәйкес электр энергиясын өндіруді тәулік ішінде реттеуді жүзеге асыруға міндетті.
6-3. Қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісі пайдалануға берілгеннен кейін қайталама энергетикалық ресурстарды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым не онымен бір тұлғалар тобына кіретін және бір өңірдегі энергия өндіруші ұйым мен жүйелік оператор арасында он жыл бойы қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісінің белгіленген электр қуатының кемінде жиырма пайызын ұлғайтуға немесе азайтуға реттеу диапазонында жүйелік оператордың электр қуатын реттеу бойынша көрсетілетін қызметтерді шарт жасасу жылының алдындағы күнтізбелік жыл үшін сатып алуының орташа өлшемді шарттық бағасына тең баға бойынша осы қызметтерді көрсетуге арналған шарт жыл сайын жасалады.
7. Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өздерін жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың тізбесіне енгізгеннен кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінім береді.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйым жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінімге қоса мынадай материалдар мен құжаттарды:
1) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерін;
2) берілетін электр энергиясының көлемдері туралы ақпаратты береді.
7-1. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдар өздерін аукциондық сауда-саттық жеңімпаздарының тізіліміне енгізгеннен кейін күнтізбелік алпыс күн ішінде қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алуға электр энергиясын бірыңғай сатып алушымен сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінім береді.
Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйым қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілері өндірген электр энергиясын сатып алу-сату шартын жасасу үшін өтінімге мынадай материалдар мен құжаттарды:
1) құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелерін;
2) берілетін электр энергиясының көлемдері туралы ақпаратты береді.
8. Басым тұтынушы құрамына кіретін энергия өндіруші ұйымдарды қоса алғанда, жаңартылатын энергия көздерін, қайталама энергетикалық ресурстарды, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын барлық энергия өндіруші ұйымдарда өзінің жаңартылатын энергия көздерін және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану объектісінде, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісінде коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі болуға міндетті. Коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінде деректерді өңірлік диспетчерлік орталықтарға қашықтықтан беру мүмкіндігі болуға тиіс.
9. Қаржы-есеп айырысу орталығының электр энергиясын сатып алуына байланысты құқықтық қатынастарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.
Ескерту. 2-тарау 7-1-баппен толықтырылды - ҚР 04.07.2013 № 128-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгерістер енгізілді - ҚР 28.04.2016 № 506-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 11.07.2017 № 89-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.11.2020 № 373-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.12.2020 № 380-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 01.04.2021 № 26-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.12.2022 № 177-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.02.2023 № 194-VII (01.04.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 19.04.2023 № 223-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі); 08.07.2024 № 121-VIII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 4 шілдедегі N 165-IV Заңы.
Осы Заң жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдаудың мақсаттарын, нысандары мен бағыттарын айқындайды, сондай-ақ қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды қолдау және қайталама энергетикалық ресурстарды пайдалану тетігін реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы