7-бап. Бухгалтерлiк құжаттама Бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы Заңы
РҚАО-ның ескертпесі!
2013.01.01 дейін 7-бабының мәтіні бойынша "сәйкестендіру нөмірі" деген сөздер "салық төлеушінің тіркеу нөмірі" деген сөздер болып есептеледі - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Бухгалтерлiк құжаттама бастапқы құжаттарды, бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн, қаржылық есептiлiктi және есеп саясатын қамтиды.
Бухгалтерлiк жазбалар бастапқы құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.
2. Операцияларды немесе оқиғаларды ресiмдеу үшiн қолданылатын бастапқы құжаттардың нысандары немесе оларға қойылатын талаптарды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттi орган және (немесе) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi бекiтедi.
3. Нысандары немесе оларға қойылатын талаптар осы баптың 2-тармағына сәйкес бекiтiлмеген қағаз және электрондық жеткiзгiштердегi бастапқы құжаттарды дара кәсiпкерлер мен ұйымдар дербес әзiрлейдi не Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген нысандарды немесе талаптарды қолданады немесе Қазақстан Республикасының аумағында тіркелмеген резидент емес-жеке тұлғалар немесе резидент емес-заңды тұлғалар ұсынған нысандарды есепке алуға қолданады, олар мынадай мiндеттi деректемелердi қамтуға тиiс:
1) құжаттың (нысанның) атауы;
2) жасалған күнi;
3) құжат өз атынан жасалған ұйымның атауы немесе дара кәсiпкердiң тегi және аты-жөнi;
4) операцияның немесе оқиғаның мазмұны;
5) операцияның немесе оқиғаның өлшем бiрлiгi (сан және құн көрiнiсiнде);
6) операцияның жасалуына (оқиғаны растауға) және оның дұрыс ресiмделуiне жауапты адамдар лауазымының атауы, тегi, аты-жөнi және қолы;
7) сәйкестендіру нөмірі.
3-1. Операцияның немесе оқиғаның сипатына, Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актiлерiнiң талаптарына және есепке алу ақпаратын өңдеу тәсiлiне қарай, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, бастапқы құжаттарға қосымша деректемелер енгiзiлуi мүмкін.
4. Бастапқы құжаттар операцияның немесе оқиғаның iске асырылу кезiнде не олар аяқтала салысымен жасалуға тиiс.
5. Есепке қабылданған бастапқы құжаттарда қамтылған ақпарат бухгалтерлік есеп тіркелімдерінде жинақталады және жүйеленеді.
Бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiнiң деректерi топтастырылған түрде қаржылық есептiлiкке көшiрiледi.
6. Электрондық жеткiзгiштерде бастапқы құжаттарды және бухгалтерлiк есеп тiркелiмдерiн жасау кезiнде дара кәсiпкерлер мен ұйымдар операциялардың басқа қатысушылары үшiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес талап ету құқығы берiлген мемлекеттiк органдардың талап етуi бойынша осындай құжаттардың көшiрмелерiн қағаз жеткiзгiштерде дайындауға тиiс.
7. Кассалық және банктiк бастапқы құжаттарға түзетулер енгiзуге жол берiлмейдi. Басқа бастапқы құжаттарға түзетулер операцияға қатысушылармен келiсiм бойынша ғана енгiзiлуi мүмкiн, бұл түзетулер енгiзiлген күнi көрсетiле отырып, құжаттарға қол қойған адамдардың қолдарымен расталуға тиiс.
Ескерту. 7-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 2012.07.05 № 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі), 2012.12.26 № 61-V (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі); 16.05.2014 № 203-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.07.2020 № 358-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап бір жыл өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 28 ақпандағы N 234 Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасында бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк жүйесiн реттейдi, бухгалтерлiк есептi жүргiзу мен қаржылық есептiлiктi жасаудың принциптерiн, негiзгi сапалық сипаттамалары мен ережелерiн белгiлейдi.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы